Дәурен Абаев: Журналистерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып жатырмыз
«Журналистерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастырып жатырмыз. Бірақ, бұл тұрғыдағы мәселеде заңнамаға кішігірім қарама-қайшылық бар. Мәселен, мұғалімдер барша Қазақстан бойынша жалпы бір мәтертебеге ие (бюджет қызметкері). Бізде журналистердің бір бөлігі мемлекеттік бағытта, ал қалғаны жекеменшік салада жұмыс істейді деген бөлініс бар. Сондықтан олардың барлығын біріктіру заңнама аясында қиындық тудырады. Бірақ та, осы мәселені реттеу қадамдарымен айналысып жатырмыз»,-деді Абаев.
Министр қазіргі кезде журналистерді баспанамен қамтудың бірнеше жолы қарастырылып жатқандығын, осы орайда баспана берудің түрлі бағыттары қаралып отырғанын атап өтті.
«Осы ретте әрбір ұжым бұл мәселені өзінің деңгейінде де шешуі мүмкін. Кезінде «Егемен Қазақстан» газеті журналистерді баспанамен қамтамасыз еткен болатын. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстарға өз тарапымыздан көмектесуге әрқашан дайынбыз. Бүкіл журналистер қауымына бюджеттік баспананы алып беру қиындау шаруа»,-деді ведомство басшысы.