Дәурен Абаевтан халықаралық дәлізді ұялы байланыспен толық қамтамасыз ету сұралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің 390 шақырымы интернет желісімен және мобильді байланыспен қамтамасыз етілмеген.

Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың атына жолдаған сауалында депутат Глеб Щегельский мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі комиссияның мүшелеріне «ҚазАвтожол» Ұлттық компаниясы» АҚ өкілдері ұсынған ақпаратқа сәйкес, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің 390 шақырымы интернет желісімен және мобильді байланыспен қамтамасыз етілмеген»,-деді депутат.

Осы орайда, ол Алматы, Жамбыл облыстарың кейбір аумағында, сондай-ақ Ақтөбе және Қызылорда облыстарының аралығындағы учаскеде мобильді байланысты қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

«Жол учскелерінде қыс кезінде қандай да бір байланыстың болмауы қолайсыз салдарға алып келуі мүмкін. Аталған мәліметті ескере отырып, Сізден бұл мәселеге тиісті шешім жасау мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз»,-деді Г.Щегельский.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы ақпанда Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жыл соңына дейін Қазақстанда ұялы байланыс сапасы мен мобильді интернеттің сапасы артатынын мәлімдеген болатын.

«Елімізде интернет жақсы дамыған, әсіресе, қалаларда. Бірақ, интернет үнемі жетіліп тұрады. Жекелеген мәселелер туындап тұрады, біз ол мәселелерді шешуді мықтап қолға аламыз. Яғни, қазір біз бүкіл Қазақстан бойынша радиожиілік стансаларын салып жатырмыз. Осы арқылы сандық телерадиотаратуға көшеміз де босаған жиіліктерді ұялы операторға береміз. Ұялы байланыс операторлары осы жиіліктердің арқасында ұялы байланыс пен интернеттің сапасын арттырады»,-деген еді министр.