Дауыл салдарынан Медеу шатқалында 5 мыңнан астам ағаш құлады

АЛМАТЫ. 18 мамыр. ҚазАқпарат/Ербол Азанбек/ - Кеше кешкі сағат 19.30 шамасында Алматыда соққан қатты дауылдан Медеу шатқалында 5 мыңнан астам ағаш құлап қалды.

Бүгін алматылық БАҚ өкілдері оқиға орнында болып, дүлей дауылдың салдарын өз көздерімен көріп қайтты.

«Жалпы шығын мөлшері анықталуда. Медеу шатқалында құлаған, сынған ағаштардың жалпы саны 5 мыңнан астам. Өкінішке қарай, бұл жерде адам өлімі орын алды. Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, Тараз қаласының тұрғыны қаза тапқан. Алматы қаласынан Шымбұлаққа дейін бара жолда 500 ағаш құлған. Ал Алматы қаласының өзінде 74 ағаш құлады. Олардан аса ірі зиян келген жоқ. Қазіргі кезде тазалау жұмыстары жүргізілуде. Алматы қаласында тазалау толық аяқталды, ал Медеу шатқалын тазалау жұмыстары осында орналасқан Іле-Алатау табиғи паркі мен Медеу ұлттық саябағымен бірлесе отырып жүзеге асырылуда», - деді Алматы қалалық табиғатты пайдалану және реттеу басқармасының бастығы Алтай Рахымбаев.

Алматы қалалық Гидрометқызметтің бастығы Қонысбек Баеділовтің сөзіне қарағанда, кешегі күні көшпелі бұлтты, желдің қуаты 3,8 м/секунд деңгейінде соғып, 13 мм-лік қысқа мерізімді жауын жауады, жалпы ауа райы 24, 26 градус жылы болады деп болжанған болатын. «Бұл болжам қала аумағында тура келді. Өкінішке қарай, Шымбұлақта 30 мм көлемінде бұршақ түсіп, қуаттылығы 11-14 м/сек. боран соқты. Соның салдарынан табиғатқа зиян келіп отыр. Бұны тосын құбылыс деп санауға болады. Алматының тарихында тұңғыш рет орын алып отыр», - дейді Қ.Баеділов. Оның айтуынша, алдағы күндері бұндай қуатты боран, жауын болмайды. «20 мамырға дейінгі болжам бойынша көшпелі бұлт, жауын байқалады. Кей күндері қуаты 10 м/сек. дейін жететін жел соғуы мүмкін. Жалпы аса қатты боран, жауын-шашын болжанып отырған жоқ», - деді ол.

ҚР ТЖМ хабарлауынша, кешегі боран, жауын салдарынан Алматыда құлаған ағаштан бөлек 22 үйді су басқан, 31 жерде электр желілері үзілген. Алматы-Медеу автожолының ауданында экологиялық пост пен «Беладжино» мейрамханасының арасында жазғы демалыс шатырына ағаш құлап, онда 1987 жылы туылған ер адам қаза тауып, 1989 жылы туылған оның құрбысы 12-қалалық аурухана жеткізілген. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың айтуынша, қазіргі кезде жағдай қалпына келтірілуде. «Қала аумағындағы үзілген электр желісі мен құлаған қоршаулар толық бүгін, ертең жасалады. Ал Іле Алатауы мен Медеу ұлттық парктеріне қарасты аумақтарда біраз жұмыстар күтіп тұр», - деді А.Есімов.