Дауыс беру құқы бар азаматтардың сайлауға қатысуын заңмен міндеттеу керек - М.Елеусізов

АСТАНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Дауыс беру құқы бар азаматтардың сайлауға қатысуын заңмен міндеттеу керек.

Бұл пікірді бүгін ҚазАқпарат агенттігінің баспасөз орталығында БАҚ өкілдерімен мәслихат өткізген ҚР президенттігіне кандидат Мэлс Елеусізов білдірді.

Оның пайымдауынша, азаматтардың құқығын қорғайтын әрі демократияның үлкен бірі жолы болып саналатын сайлау қоғам үшін өте қажет. Дегенмен қазіргі уақытта көпшілік осы мүмкіншілікті толық пайдаланып отырған жоқ. Сондықтан сайлауға барып, өз көзқарасын білдіру әрбір адамның азаматтық парызы деуге де болады.

Сайлау мәртебесін көтеру үшін кейбір мемлекеттердің заңға кез келген азаматтың сайлауға қатысуын міндеттейтін бап енгізгендігін баса айтқан М.Елеуізов: «Меніңше бізде заңға дәл осындай өзгерту енгізуіміз қажет», - деді.

Президенттікке үміткердің айтуынша, әкімдерді, жергілікті атқарушы органдарды, сондай-ақ сотты да сайлау арқылы тағайындау керек.