Дауыс беру үдерісі конституциялық заң талаптары аясында өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дауыс беру үдерісі конституциялық заң талаптары аясында өтуде. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

«Жалпы, дауыс беру күні белгіленген тәртіппен, айтарлықтай заң бұзушылықсыз өтуде. Дауыс беру аяқталған барлық учаскелерде бұл үдеріс «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес өтті», - деді ол.

Дегенмен, оның атап өтуінше, Семей қаласының прокуратурасына ерлі-зайыпты Карпухиндердің тұрғылықты жерлері бойынша учаскенің сайлаушылар тізімінде болмауына шағымданған арызы түскен. Олардың тиісті аумақта тұратындығы анықталғаннан кейін дауыс беру мүмкіндігі берілді.

«Ерлі-зайыпты Карпухиндердің сайлаушылар тізімінде болмауының себептері анықталуда», - деді Н.Сүйіндіков.