Оның деректеріне қарағанда, осыдан үш күн бұрын ғана «Лайықты тұрғын үй» қоғамдық ұйымынан 136 өтініш келіп түскен. «Алайда бұл өтініштер Орталық сайлау комиссиясының құзырына жатпайтын мәселе болып шықты. Нақтырақ айтқанда, өтініш банк пен құрылыс мекемесінің және жеке тұлға арасындағы дауға байланысты болды. Жеке тұлғалар банкке қаржы салып, пәтер алмақ болған. Алайда олардың арасында бір келіспеушілік болған. Осыған байланысты 136 адам олардың мәселелері шешілмесе дауыс беруге келмейтіндіктерін айтты. Біз, әрине, бұл мәселені назарға алдық. Дауыс беру міндет емес, ол әрбір азаматтың құқы. Біз азаматтарға өздерінің құқықтарын өздері шектеп отырғандықтарын жеткіздік», - деді Қ.Тұрғанқұлов.
Оның сөзіне қарағанда, ОСК-ға түскен 5 шағым сайлау науқанының барысына қатысты болған. «Біз олардың барлығын қарап шығып, заң бұзу әрекеттерін таппадық. Тағы бірнеше шағымның мүлдем мән-мағынасы жоқ, түсініксіз дүниелер. Біз бұл шағымды жазған адамдардың бізден не сұрап, не қойып отырғандықтарын біле алмадық»,-деді ОСК төрағасы.