Дауыс беруге құқығы бар қазақстандықтардың 55,2 пайызы халықтық референдум өткізуді қолдайды - ҚР Орталық сайлау комиссиясы

АСТАНА 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда елімізде дауыс беруге құқығы бар 9 млн. қазақстандық азамат бар.

Олардың 55,2 пайызы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуды көздейтін халықтық референдумды қолдап отыр. Бұл туралы бүгін Елбасы Н. Назарбаевтың ҚР Конституциялық кеңесінің талқылауына жолдаған «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның конституцияға сәйкестігін тексеруге арналған отырыста ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов айтты.

Комиссия хатшысы атап көрсеткендей, бүгінгі таңда халықтық референдумды өткізуді қолдап отырған қазақстандықтардың саны 5 млн. 16 мың адамды құрап отыр. «Елімізде дауыс беруге құқы бар азаматтардың саны 9 млн. екендігін ескерсек, бүгінде осы бастаманы қолдап отырған қазақстандықтардың үлесі 55,2 пайызға жетті»,-деп атап көрсетті Б. Мелдешов.