Биылғы кездесуді ресми ашу құрметі Германияның федералдық канцлері Ангела Меркельге беріледі, ол бағдарламалық сөз сөйлейді, деп хабарлады РБК.
Давос форумы 2012 жылғы 29 қаңтарда аяқталады. Биылғы жылғы форумның негізгі тақырыбы «Ұлы өзгерістер: жаңа модельдерді қалыптастыру» болмақ. Бұл тақырыпты ұсына отырып, Бүкіләлемдік экономикалық форумның негізін салушы және төрағасы швейцарлық профессор Клаус Шваб: «соңғы үш жылда әлем саясат, экономика және қаржы салаларында дағдарысты басқарумен айналысуға мәжбүр болды, алайда біз әлемді түрлендірген іргелі өзгерістерді естен шығарып алдық, оның аясында дағдылы шешімдер қабылдау әдістері шапшаң ескіруде», - деп түсіндірді.
Адамзат жасап игеруге тиісті жаңа модельдердің арасында К.Шваб жаһандық басқарудың жаңа моделін атап көрсетті, ол геосаяси сипаттағы тектоникалық жылжуларды, билік орталығы Батыстан Шығысқа қарай бірте-бірте ығысып бара жатқанын, жаңа мемлекеттік емес ықпал ету агенттері пайда болуын ескеруі тиіс. Бұдан басқа, БЭФ төрағасы кездесуге қатысушыларға жаһанданудың әлеуметтік әсерін және технологиялық инновацияларды ескеретін жаңа мультимәдени және көпэтникалық әлем моделі және ғаламшардағы жұмыспен қамтудың орнықты өсімінің жаңа моделі туралы ойлануды ұсынды.
Түсініктемешілер шағын құрамда әлемдік бизнес көшбасшылары және саясаткерлер жаһандық капитализмнің болашағын талқылайды деп атап өтуде. «Капитализм өзінің қазіргі формасында әлем мұқтаждарын қанағаттандырудан қалды», деп түйіндеді К.Шваб Давос пікірсайысына дем бере отырып.
Давосқа 40-қа тарта мемлекеттер мен үкіметтер басшылары келді. Давос форумы-2012 қатысушылардың рекордтық санын - 2,6 мыңнан астам адамды жинады, олардың арасында 1,6 мың іскер топтар өкілдері бар. Форумға АҚШ қаржы министрі Тимоти Гайтнер, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун, Халықаралық валюта қорының реттеуші-директоры Кристин Лагард, Бүкіләлемдік банктің президенті Роберт Зеллик қатысады. Давостағы ресейлік делегацияны бірінші вице-премьер Иван Шувалов басқарады. Давосқа РФ бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин де келеді, бұл туралы ол жақында өзінің Twitter-дегі парақшасында хабарлады. Ол Санкт-Петербордың профессоры ретінде бірнеше секцияларда баяндама жасауға шақырылды.