Бұған дейін сот отырысында қорғаушы осыған ұқсас өтініш жасаған. Ол іске бүгін ғана кіріскенін және қылмыстық іс материалдарымен танысып үлгермегенін айтқан еді. Сот қосымша уақыт беру туралы өтінішті қанағаттандырмады. Кейін Асхат Әлімов бұл мәселеге қайта оралып, үзіліс жариялап, жәбірленушілерден жауап алуды жалғастыруға дайындалуға мүмкіндік беруді сұрады.
Қорғаушы ретінде іс материалдарымен таныспадым
Адвокаттың айтуынша, ол сотталушыны қорғау туралы тапсырманы тек 20 тамызда қабылдаған. Осыған байланысты А.Әлімов қылмыстық іс материалдарын зерделеп, қорғау ұстанымын дайындап үлгермегенін айтты.
– Мен қорғаушы ретінде іске жаңадан кіріскен адаммын, қылмыстық іс материалдарымен танысып үлгерген жоқпын. Осыған байланысты келесі сот отырысына дейін үзіліс жариялауды сұраймын. Бүгін іс материалдарын алып, танысып, қорғау актісін дайындауға және жәбірленушілерден жауап алуға дайындалуға мүмкіндік берулеріңізді сұраймын, – деді Асхат Әлімов.
Ол адвокаттардың басқа да сот процестері мен тергеу әрекеттеріне қатысатынын атап өтті. Осыған байланысты қорғаушы сот отырыстарының кестесін алдын ала белгілеуді сұрады. Оның айтуынша, бұл адвокаттарға басқа процестерге қатысуын ескеріп, жұмыс кестесін жоспарлауға мүмкіндік береді.
Қорғау тарабы жеке қаулыға шағым түсірмек
Асхат Әлімов бұл өтінішін сотталушының тағы бір қорғаушысы – Дәурен Есләмбекұлына қатысты жеке қаулы жарияланған соң жасады. Адвокат бұл ретте қорғау тарабының сот шешіміне шағымдану құқығын пайдаланатынын айтты.
– Егер сот Қылмыстық-процестік кодекстің 405-бабы тәртібімен осы жеке қаулыны шығарған болса, қорғау тарабы өз құқықтарын пайдаланып, оған заңда белгіленген тәртіппен шағымданады деп ойлаймын, – деді адвокат.
Сонымен бірге, ол әріптесіне түскі үзілістен кейін сот отырысының жалғасатыны туралы алдын ала хабарланбағанын айтты.
Сот жәбірленушілерден жауап алуды жалғастырды
Қорғаушының дайындалуға уақыт беру туралы қайталама өтінішіне қарамастан, сот жәбірленушілерден жауап алуды жалғастыру мәселесін қойды. Сотқа төрағалық етуші Меруерт Абаева жәбірленуші Айнұр Нұрпейісованың денсаулығына байланысты Астанада ұзақ уақыт бола алмайтынын атап өтті.
Өз кезегінде Асхат Әлімов Айнұр Нұрпейісовадан жауап алуға қарсылығы жоқ екенін айтты. Алайда бастапқыда Сәлима Омаровадан жауап алуды жалғастыруға қарсылық білдірді. Оның сөзінше, екінші адвокат сот отырысына қатыспаған әрі өзі іс материалдарымен әлі танысып үлгермеген.
Тараптардың ұстанымдары талқыланғаннан кейін адвокат сот отырысын жалғастыруға келісті.
– Егер бүгін екі жәбірленуші ғана қалған болса, онда осы бөлігінде екінші адвокаттың қатысуынсыз жауап алуға қарсылығым жоқ, – деді қорғаушы.
Осыдан кейін сот жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша жәбірленушілерден жауап алуды жалғастырды.
Бұған дейін қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Омарова құдағиымен ақшалай дау-дамай өрбігенін айтқан еді.
Сонымен бірге, марқұм фельдшердің күйеуі Ә.Зейнел Астана әкімдігінен алған 20 млн теңгені қайда жұмсағанын түсіндірді.