ДДСҰ Африкада Эбола індеті өрістеп бара жатқанына алаңдаулы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Африкада Эбола безгегінің індеті таралуы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алаңдаушылығын туғызуда, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

«Жағдай өте күрделі, ол бақылауда деп айтуға да болмайды. Өйткені індет ушығып барады және географиясы да кеңеюде», деп хабарлады журналистерге ДДСҰ эпидемиялық ауруларды бақылау департаментінің сарапшысы Пьер Форменти.

Ол Эбола безгегіне алғашқы болып, Орталық Африка тап болса, енді құрлықтың батысындағы Гвинея, Либерия және Сьерра-Леоне душар болып отыр. Оның шапшаң таралуына, адамдардың осы сирек және өте қауіпті вирустың қандай жолмен берілетінін білмеуі және хабардар болмауы, оның үстіне жергілікті халықтың дәрігерлерге дер кезінде қарала бермейтіні себеп болуда, деп нақтылады Форменти.

Гвинеяда 281 адам осы індетке шалдығып, олардың 185-і қайтыс болған. Қазіргі кезде аурудың 160 жағдайы зертханалық жолмен қуатталған, ал 103 адам көз жұмған. Либерияда 11 пациент Эбола безгегіне ұшырауға күдікті, дегенмен 9 сәуірден бері бұл аурудың белгісі тіркелмеген. Сьерра-Леонеде аурудың 16 оқиғасы тіркелді, оның алтауынан осы аурудың ұшығы қуатталды, төрт адам қаза тапты.

ДДСҰ мәліметтері бойынша Эбола вирусы ауыр вирустық безгек ауруы болып табылады, оған ұшыраған адамдардың 90 пайызын өлімге соқтыруы мүмкін.

Соңғы 20 жыл ішінде 2000 жылы Угандада осы сырқатқа ұшыраған 425 адамның 224-і мерт болған.