ДДСҰ: Әлемде миллиардтан астам адам психикалық ауытқушылықтан зардап шегеді
АСТАНА.KAZINFORM — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) бір миллиардтан астам адамның психикалық ауытқумен өмір сүретінін көрсететін мәліметтерді жариялады — мазасыздық, депрессия және басқа да психикалық бұзылыстар адамдарға және экономикаға орасан зор зиян келтіреді, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.
Мазасыздық және депрессия сияқты психоэмоционалды бұзылулар жасына және табыс деңгейіне қарамастан барлық елдерде және барлық халық топтарында кең таралған. Олар мүгедектіктің екінші негізгі себебі болып отыр. Бұл ауытқулар жеке адамдар мен отбасылардың денсаулық сақтау шығындарын арттырады, сонымен қатар бүкіл әлемде үлкен экономикалық шығын тудырады.
Бұл қорытынды екі бірдей есепте жарияланды — «Қазіргі әлемдегі психикалық денсаулық» және «Психикалық денсаулық атласы 2024».
— Психикалық денсаулық қызметтерін түрлендіру қоғамдық денсаулық сақтаудың ең өзекті мәселелерінің бірі, — деді ДДСҰ Бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейесус. — Психикалық денсаулыққа салынған инвестиция — бұл адамдарға, қоғамға және экономикаға салынған инвестиция, оны ешбір ел елеусіз қалдыра алмайды. Әрбір үкімет пен көшбасшы психикалық денсаулықты сақтау артықшылық емес, әрбір адам үшін негізгі құқық екенін қамтамасыз ету үшін қазір әрекет етуі керек.
«Әлемдегі психикалық денсаулық» баяндамасының негізгі мәселелері
Баяндамада психикалық денсаулық ақауының таралуы жынысқа байланысты өзгеретінін, бірақ әйелдер қауымы жиі ұшырайтыны айтылады. Ал мазасыздық пен депрессиялық бұзылулар ерлер де, әйелдер де жиі кездеседі.
Суицид психикалық денсаулықтың ең қауіпті нәтижелерінің бірі болып қала береді, тек 2021 жылы 727 000 адам психикалық қиындықтан өз өмірін қиған. Өз-өзіне қол жұмсау әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан барлық елдерде жастар арасындағы өлімнің басты себебі болып отыр.
«Психикалық денсаулық атласы 2024» баяндамасының негізгі хабарламалары
Психикалық денсаулықты сақтауға жұмсалатын мемлекеттік шығындардың медианалық құны жалпы денсаулық сақтау бюджетінің тек 2 пайызын құрайды және 2017 жылдан бері өзгерген жоқ. Сонымен қатар, елдер арасында таңқаларлық диспропорциялар бар: табысы жоғары елдер психикалық денсаулықты сақтауға бір адамға 65 долларға дейін жұмсаса, табысы төмен елдер тек 0,04 доллар жұмсайды. Жаһандық психикалық денсаулық жұмыс күшінің орташа коэффициенті 100 000 халыққа шаққанда 13 құрайды, табысы төмен және орташа елдерде айтарлықтай тапшылық байқалады.
Елдердің 10 пайыздан азы қоғамдастық негізіндегі психикалық денсаулық сақтау жүйесіне толығымен көшті, ал көпшілігі мұны енді ғана бастады.
Бір қызығы, көптеген елдерде ерте жастағы балаларды дамыту, мектепте психикалық денсаулықты қолдау және суицидтің алдын алу бағдарламаларын қоса алғанда, психикалық денсаулыққа тиімді шаралар бар. Төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге психикалық денсаулық және психоәлеуметтік қолдау қазір елдердің 80 пайызында көрсетіледі, бұл 2020 жылғы 39 пайыздан жоғары. Амбулаторлық-емханалық және қашықтан психикалық денсаулықты қамтамасыз ету барған сайын қолжетімді бола бастады, дегенмен жалпыға бірдей қолжетімді емес.
Психикалық денсаулық бойынша әрекетке жаһандық шақыру
Кейбір оң өзгерістерге қарамастан, деректер елдердің 2013-2030 жылдарға арналған психикалық денсаулық жөніндегі кешенді іс-қимыл жоспарында белгіленген мақсаттарға жетуде әлі де айтарлықтай артта қалғанын көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін ДДСҰ Кения ресми түрде ұйқы ауруын жойған елге айналғанын хабарлаған еді.