Будапештте ДДСҰ-ның қоршаған орта және денсаулықты қорғау бойынша министрлік конференциясы өтіп жатыр. 7 шілдеде министрлер мен аймақтық мемлекет өкілдері осы шығынды азайту үшін жедел шара қабылдауға міндеттейтін декларацияға қол қояды.
«Жыл сайын экологиялық қауіп салдарынан болатын миллионнан астам өлімді тоқтату – шынайы міндет. Біз ол үшін не істеу керегін білеміз, қазір сөзден әрекетке көшетін кез келді. Әр адам таза, сау және тұрақты экологиялық жағдайда өмір сүруге құқылы.
Үш еселенген экологиялық дағдарыс дегеніміз – климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы мен биоалуандылықты жоғалту – біздің ғаламшарымыз бен өзіміздің өмірімізге қауіп төндіреді. Будапешт декларациясы адамдар өмір сүретін қоршаған орта жағдайын жақсарту, аурудың ауыртпалығын азайту, денсаулыққа қатысты әділетсіз өзгешелікті қысқарту, денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін азайту және жаңа пандемияға ұжымдық тұрақтылығымызды нығайту бойынша нақты шараларды ұсынады», - деп мәлімдеді ДДСҰ Еуропа аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге.
Сарапшылардың бағалауынша, 2019 жылы шамамен 570 мың өлімге ауаның ластануы, ал 150 мыңнан астамына тұрғын үйлердегі ауаның ластануы себеп болған. 2020 жылы шамамен 77 млн адам қауіпсіз ауызсуға қол жеткізе алмаған.
Былтыр Еуропада 20 мың адам аптап ыстықтан қайтыс болды.
«Мен үнемі климат дағдарысы — денсаулық сақтау дағдарысы деп айтамын. Ол қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы 50 жыл бойғы дамуды жоқ қылып жібереді. Бір мысал келтірейін: екі күн бұрын әлемде адамзат тарихындағы ең ыстық температура тіркелді – әлем бойынша орташа 17,01 Цельсий градус. Біздің өңірде былтыр ең ыстық жаз болды, 20 мыңнан астам адам өмірден өтті», - деді ДДСҰ Еуропа аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге.
Будапешт декларациясы 2023 жылдың 24-26 қазанында Қазақстан астанасында өтетін Еуропа аймақтық комитетінің 73-ші сессиясында мақұлдауға ұсынылады.