ДДСҰ Газа секторына 11 жүк көлігімен медициналық көмек жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Газа секторына 11 жүк көлігімен медициналық материалдар жеткізілгенін айтты, деп хабарлайды Анадолы.
— Бүгін ДДСҰ мен оның серіктестері жіберген 11 жүк көлігі медициналық жабдықтармен бірге Газадағы ДДСҰ қоймасына сәтті жеткізілді. Бұл жүк енді медициналық мекемелерге бөлініп таратылады, — делінген Х әлеуметтік желісінде жарияланған мәлімдемеде.
Гебрейесустың айтуынша, жеткізілген жүктің құрамына хирургиялық құралдар, медициналық көмекке арналған құрылғылар, ортопедиялық саймандар және өзге де қажетті жабдықтар кірген. Ол Газадағы денсаулық сақтау саласындағы қажеттіліктер әлі де аса жоғары күйде екенін атап өтті.
ДДСҰ басшысы қайтадан Газадағы отын, азық-түлік және дәрі-дәрмектердің кідіріссіз әрі кедергісіз жеткізілуіне шақырды. Ол сөзін «Бейбітшілік — ең жақсы ем» деп түйіндеді.
2023 жылғы қазан айында Израиль әскери операция бастағаннан бері Газада он мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тапты, ал аймақтың денсаулық сақтау жүйесі толық күйреудің алдында тұр. Халықаралық ұйымдар анклав халқы үшін гуманитарлық көмекті ұлғайту қажеттігін тұрақты түрде көтеріп келеді.
2024 жылғы 2 наурыздан бастап Израиль Газамен барлық құрлықтағы өткелді толықтай жауып отыр. Шекарада жүздеген гуманитарлық көліктер жиналып қалған, ал тек санаулысы ғана Керем Абу Салем бақылау-өткізу пункті арқылы өткізіліп жатыр.
Соңғы деректерге сәйкес, АҚШ пен Израильдің бастамасымен құрылған «Газаға гуманитарлық көмек қоры» аясында әрекет ететін аймақтарда палестиналықтардың шоғырланған жерлеріне бағытталған жүйелі шабуылдардан 766 адам қаза тауып, 5044 адам жарақат алған.
Айта кетелік Израиль Газа секторының солтүстігіндегі тұрғындарды эвакуациялауға шақырған еді.