ДДҰ басшысы Газға медициналық көмектің кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус Газа секторына тұрақты, үздіксіз және күшейтілген медициналық көмектің жеткізілуі қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолы.

Фото: Анадолы

Гебрейесус Израиль шабуылына ұшырап, аштыққа тап болған Газа секторындағы жағдайға қатысты X платформасында (бұрынғы Twitter) тиісті мәлімдеме жасады.

Ол 1 тамыздан бастап ДДСҰ Газаға медициналық құрал-жабдық тиелген 24 жүк көлігі жеткізгенін хабарлады. Бұл көліктерде базалық дәрі-дәрмектер мен басқа да қажетті медициналық заттар болған, олар медициналық орталықтар мен ауруханаларға таратылады.

— Біз медициналық көмектің тұрақты, үздіксіз және күшейтілген тасымалын талап етеміз. Бұл — бүкіл Газадағы адамдардың өміріне тікелей әсер етеді, — деді ДДСҰ басшысы.

Израиль енгізген қатаң блокада жағдайында тұрған Газа секторы гуманитарлық апатты бастан өткеруде: аштық жайылып, ауыз су, дәрі-дәрмек, медициналық және гигиеналық құралдар жетіспейді.

Аштықтан көз жұмғандар саны артып келеді, әсіресе балалар арасында.

2023 жылдың 7 қазанынан бері Газада аштық салдарынан 169 адам, соның ішінде 93 бала қаза тапқан.

Жергілікті және халықаралық дереккөздер Израильдің «аштық пен шөлді қару ретінде» қолданып отырғанын мәлімдеуде.