ДДҰ өкілі Тарик Ясаревичтің айтуынша, індеттің таралу қарқыны оған қарсы қабылданып жатқан шаралардан асып түсіп отыр.
– Өкінішке қарай, індет әлі де кеңейіп жатыр және қазіргі әрекет ету жүйесінің мүмкіндігінен асып түсті. Бізге тек қаржылай емес, басқа бағыттар бойынша да қосымша қолдау қажет. Емдеу орталықтарының, эпидемиологиялық тергеу топтарының, қауіпсіз жерлеу бригадаларының және жергілікті қауымдастықтармен жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуетін күшейтуіміз керек, – деді ол Женевада өткен брифингте.
Қазіргі уақытта елде Эбола жұқтырудың 3 802 расталған жағдайы тіркелген. Оның ішінде 1 707 адам көз жұмған. Тағы 727 науқас сауығып шықса, 275 күмәнді жағдай бойынша тексеру жалғасып жатыр.
Бақылауға алынған 17 мыңға жуық байланыста болған адамның 80 пайыздан астамы күн сайын медициналық тексеруден өтеді.
Ауру бес провинцияда тіркелгенімен, жағдайлардың шамамен 90 пайызы Итури провинциясына, қалғанының басым бөлігі Солтүстік Киву провинциясына тиесілі.
Тарик Ясаревичтің сөзінше, індетке қарсы шаралар ең алдымен вирус кең таралған және таралу қаупі жоғары аймақтарға бағытталуы тиіс.
Эбола – жұқтырған адаммен немесе оның биологиялық сұйықтықтарымен тығыз байланыс кезінде берілетін вирустық геморрагиялық қызба.
КДР Эбола індетінің 17-ошағы туралы биыл 15 мамырда Итури провинциясында бірнеше адамның қайтыс болуынан кейін жариялаған болатын.
Қазіргі індетке Эбола вирусының Бундибуджо штамы себеп болып отыр. Оған қарсы тиімділігі дәлелденген емдеу тәсілі, вакцина немесе байланыстан кейін қолданылатын алдын алу құралы әзірге жоқ.
Соған қарамастан, әлеуетті емдеу әдістері, вакциналар және вирусқа қарсы препараттар бойынша бірнеше клиникалық сынақ жүргізіліп жатыр.
ДДҰ-ның зерттеулер мен әзірлемелер бағдарламасының жетекшісі Васи Мурти алғашқы нәтижелердің үміт күттіретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, жуырда ғана ДДҰ Конго ДР-дағы Эбола вирусын ел тарихындағы ең ірі індетке айналғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ аталған ұйым Эбола індетінің ауқымы ресми деректен бірнеше есе көп болуы мүмкін екенін де жария етті.