Сарапшылар Конго Демократиялық Республикасында тарап жатқан Эбола індетіне байланысты «Эрвебо» вакцинасын рандомизацияланған клиникалық сынаққа басымдықпен енгізуді ұсынды. «Эрвебо» — Эболаға қарсы тіркелген жалғыз вакцина. Қазіргі таңда ол Заир вирусының штамына қарсы қолданылады.
ДДҰ жанындағы консультативтік топтар 16 мамырда ДР Конгода Бундибуджио вирусынан туындаған Эбола індетіне байланысты халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай жарияланғаннан кейін жұмысын бастады. Содан бері сарапшылар Эболаның осы түріне қарсы қолданыстағы вакциналар мен емдеу тәсілдерін зерттеп, алғашқы ұсынымдарын әзірледі.
Сол кезде «Эрвебо» вакцинасын мұқият әзірленген зерттеу хаттамаларынан тыс қолданбау ұсынылған еді. Бұл вакцинаның Бундибуджио вирусына қарсы тиімділігін бағалау үшін қажет болды.
Алдыңғы аптада консультативтік топ мүшелері үшінші отырысын өткізіп, «Эрвебоға» қатысты жаңа деректерді қарады. Сарапшылар жануарларға жүргізілген зерттеулердің алдын ала нәтижелерін зерттеді. Зерттеу барысында вакцина жануарларда Бундибуджио вирусына қарсы белгілі бір деңгейде айқаспалы қорғаныс қалыптастыратыны, атап айтқанда, аурудан қайтыс болу қаупін төмендететіні анықталған.
Топ вакцинаның қауіпсіздігін, тиімділігін, қолжетімділігін және қолдану мүмкіндіктерін бағалады. Мамандар Бундибуджио вирусынан туындаған індет кезінде байланыста болған адамдарды вакцинациялау үшін «Эрвебоны» қолдану қауіпсіз деген қорытындыға келді. Осыған байланысты сарапшылар Бундибуджио штамына арнайы әзірленген вакцина болмаған жағдайда «Эрвебоны» рандомизацияланған клиникалық сынаққа басым тәртіппен енгізуді ұсынды.
Сарапшылар «Эрвебоның» Бундибуджио вирусы тудыратын аурудың алдын алуда және вирустың таралуын тоқтатуда қаншалықты тиімді екені әлі де дәлелдеуді қажет ететінін атап өтті. Бұл штамға арнайы әзірленген вакцина әзірше ең қолайлы нұсқа болып қала береді. Алайда мұндай препараттарға қатысты алдын ала деректер әзірше жоқ.
ДДҰ өкілдерінің айтуынша, тиісті деректер алынғаннан кейін вакцинаны кең көлемде өндіруді жолға қойып, індеттен зардап шеккен халық үшін вакцинацияның қолжетімдігін арттыру керек.
Еске салайық, бұған дейін Конгода Эбола індеті босқындарға арналған лагерьлерге тарағанын жазған едік.
Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетімен күресті күшейту үшін халықаралық қауымдастықты қосымша қолдау көрсетуге үндеді.