ДДҰ климат пен денсаулыққа қатысты жаңа комиссия құрды

Фото: azertag.az

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропа өңірі — жаһандық жылынудан ең көп зардап шегіп жатқан аймақтардың бірі. Әлемдегі ыстықтан болған әрбір үшінші өлім осы өңірге тиесілі. Халық денсаулығына климаттың өзгеруінен төнетін қауіптің күшеюіне жауап ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңірлік бюросы климат пен денсаулыққа қатысты Панъеуропалық комиссияның құрылғанын жариялады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Климаттық дағдарысқа қарсы нақты қадам

Комиссия климат дағдарысы адам өміріне тікелей әсер етіп жатқан қазіргі жағдайда денсаулық сақтау саласына арналған тиімді шешімдерді әзірлейді. Жаңа құрылымды Исландияның бұрынғы премьер-министрі Катрин Якобсдоуттир басқарады. Ғылыми кеңесші ретінде Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің профессоры Эндрю Хейнс қызмет атқарады.

Комиссия құрамына ДДҰ-ның Еуропа өңірінен 11 сарапшы енеді. Олар ғылым, саясат және халықаралық ұйымдар өкілдері.

«Климат дағдарысы — бұл денсаулық дағдарысы»

— Климаттық дағдарысты денсаулық дағдарысы деп ашық мойындайтын кез келді. Ол қазірдің өзінде адамдарды өлтіріп жатыр. Егер жедел әрекет етпесек, жағдай одан әрі ушығады, — деді ДДҰ Еуропалық бюросының директоры Ханс Клюге.

Ол денсаулық сақтау жүйелері ауыртпалықты бастан кешіріп жатқанына қарамастан, олар да шешімнің бір бөлігі бола алатынын атап өтті. Сол себепті осы Панъеуропалық комиссия құрылып отыр.

ДДҰ-ның мәлімдеуінше, климаттың өзгеруімен күресте денсаулық сақтау секторының әлеуеті зор: мысалы, энергия үнемдейтін ауруханалар салу, аптап ыстық туралы ерте ескерту жүйелерін енгізу, зиянды қалдықтарды азайту сынды шаралар тиімді нәтиже бере алады.

Өлімге әкелетін қауіп

2030 жылға қарай Еуропа халқының 80%-ы қалаларда өмір сүреді. Негізгі климаттық өзгерістер де дәл осы урбанизацияланған аумақтарда болады. Қалалардағы әрбір оныншы адам су басу қаупі бар аймақта тұрады. Болжамдар жауын-шашынның күшеюі, көлемінің артуы және теңіз деңгейінің көтерілуі нәтижесінде су тасқыны қаупі тоғыз есе артатынын көрсетіп отыр.

— Климаттық дағдарыс — тек экологиялық емес, сонымен қатар қоғамдық денсаулыққа төнетін қауіп. 2022 және 2023 жылдары ғана Еуропа өңірінің 35 елінде 100 мыңнан астам адам аптап ыстықтан көз жұмды, — деді Катрин Якобсдоуттир.

Оның айтуынша, температураның көтерілуі, ауаның ластануы мен экожүйелердің өзгеруі денсаулыққа қазірдің өзінде әсер етіп жатыр.

Денсаулық сақтау жүйесіне жүктеме

Климат дағдарысы әсіресе балалар, қарттар, жүкті әйелдер мен иммунитеті әлсіреген адамдар үшін аса қауіпті. Ыстық пен су тасқынына байланысты қауіп физикалық та, психикалық та ауытқуларға әкеледі. Денсаулық сақтау жүйесі бұл жүктемеге төтеп бере алмай отыр.

Айта кету керек, әлемдік денсаулық сақтау секторының өзі жаһандық парниктік газдар шығарындыларының шамамен 5%-ын тудырады. Бұл — бүкіл әлемдік коммерциялық авиациядан да көп. Жыл сайын ауаның ластануынан 7 миллион адам көз жұмады, соның жарты миллионы — Еуропа өңірінде.

— Ғылыми деректер анық: климаттың өзгеруі — денсаулық үшін өте үлкен және өсіп келе жатқан қауіп. Біз шұғыл түрде зиянды шығарындыларды азайтып, бейімделу шараларына инвестиция құюымыз керек, — деді Профессор Эндрю Хейнс.

Комиссияның міндеттері

Панъеуропалық комиссия денсаулық сақтау жүйесін климатқа төзімді, энергия үнемдейтін ету жолдарын және халықты климаттық қатерлерден қорғау жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуі тиіс.

— Қаржылық шектеулер мен өсіп келе жатқан сұраныс жағдайында бұл комиссияның құрылуы — өте маңызды қадам. Комиссия денсаулық сақтау саласында нақты, жүзеге асатын шешімдерге назар аударады. Ғылыми деректерді нақты әрекеттерге айналдыру — басты мақсат, — деп атап тті Ханс Клюге. 

Айта кетелік ДДҰ АҚШ-тың ұйым құрамынан шыққаннан кейін шығындарды қысқартуға ниетті