ДДҰ: Конгода Эбола індеті күшейіп барады

АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетімен күреске алдағы үш айда 115 миллион АҚШ доллары қажет екенін мәлімдеді, деп жазады BBC.

Фото: report.az

Ұйымның хабарлауынша, індетке қарсы шараларды қаржыландыру әзірге қажетті көлемнің небәрі 35 пайызын ғана құрап отыр.

ДДҰ-ның сәрсенбі күнгі деректеріне сәйкес, Конго Демократиялық Республикасында Эбола жұқтырудың 344 жағдайы расталып, 60 адам қайтыс болған.

Көршілес Угандада тоғыз адам вирус жұқтырып, бір адам қайтыс болған.

Сонымен қатар тағы бір адам инфекция жұқтырған болуы мүмкін деген күдік бар.

Індет алғаш тіркелген Итури провинциясында медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналып отыр.

Соңғы уақытта Эболаға қарсы емдеу орталықтары мен науқастар жатқан ауруханаларға бірнеше рет шабуыл жасалған.

Қарулы қақтығыстар мен зорлық-зомбылық әрекеттері індетпен күресті қиындатып отыр.

Соның салдарынан медицина қызметкерлеріне науқастармен байланыста болған адамдарды анықтау, жаңа жұқтыру жағдайларын тіркеу және дер кезінде көмек көрсету барған сайын күрделене түскен.

ДДҰ мамандары індеттің одан әрі таралу қаупі сақталып отырғанын атап өтті.

Осыған дейін Кенияда Эбола карантин орталығын ашуға қарсы шеру кезінде екі адам қаза тапқаны туралы жаздық.