ДЭФ рейтингісі: Қазақстан екі көрсеткіш бойынша бірінші орыннан көрінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекелестік рейтингісінде Қазақстан екі көрсеткіш бойынша бірінші орыннан көрінді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің департамент басшысының орынбасары Бауыржан Тұрлыбековтің айтуынша, рейтингте «Инфрақұрылым» деген көрсеткіш бар. Оған 12 фактор кіреді. Соның бірі - электр қуатымен қамтамасыз етудің қолжетімділігі.

«Дәл осы фактор бойынша Қазақстан бірінші орынға жайғасты. Бұдан бөлек, біз «Акционерлердің құқықтарын қорғау» көрсеткіші бойынша бірінші орынды алып отырмыз. Бұл дегеніміз, Қазақстандағы инвестициялық климат жақсы дегенді білдіреді», - деді Б.Тұрлыбеков Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) 2018 жылғы жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (ЖБИ) бойынша жыл сайынғы есебін жариялады. 2008 жылы басталған әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарын және төртінші индустриялық революцияның (4ИР) дамуын ескере отырып, 2018 жылы ЖБИ әдістемесі айтарлықтай өзгертілді.

Жаңа 4.0 ЖБИ әдістемесіне сәйкес, негізгі екпін статистикалық индикаторларға жасалады (олардың үлесі 70%, ал сауалнамалық индикаторлардың үлесі 30%-ды құрайды). Сонымен қатар, барлық факторлардың үлес салмағы бірдей.