Дефицит артса, Қазақстан Өзбекстаннан электр энергиясын сатып алуы мүмкін - сарапшы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазіргі таңда үздіксіз энергия өндіруге қауқарлы атом электр станциясынан басқа балама жоқ деп санаймын. Орталық Азия елдерінің АЭС салу ниеті туралы пікір білдірген өзбекстандық сарапшы, ӨР Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаров осылай мәлім етті..

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Равшан Назаровтың сөзінше, Орталық Азия аумағындағы мемлекеттердің белсенді өнекәсіптік дамуы мен демографиялық жағдайы электр энергиясына деген сұранысты екі еселейді. Оны өндірудің ең белгілі екі жолы бар: бірі — жылу электр станциясы, екіншісі — су электр станциясы.

«Дегенмен аталғандардың алғашқысы экологиялық тұрғыдан тиімсіз саналады. Бұл ретте газды қолдануға болады, алайда бүгінде біздің аймақта көгілдір отынның дефициті байқалып отыр. Ал гидроэлектростанцияларға келетін болсақ, мұндай ауқымды мүмкіндік өңірдегі екі елде ғана бар, олар: Қырғызстан мен Тәжікстан. Бұл мемлекеттердің аумағында Орталық Азияға қажетті су жиналады», — деп мәлім етті сарапшы.

Оның пікіріне сай, Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан сияқты елдерде судан электр энергиясын өндіру мәселесі күрделі. Ал баламалы энергия көзі саналатын фотоэлектростанциялардың қуаты қажеттілікті жабуға жетпейді.

«Баламалы энегрия көздері күн шықпаса немесе жел болмаса жұмысын тоқтатады. Сондықтан қазіргі таңда үздіксіз энергия өндіруге қауқарлы атом электр станциясынан басқа балама жоқ деп санаймын», — дейді Р. Назаров.

Осы орайда, сарапшы Өзбекстанда салынатын аз қуатты АЭС-ті мысалға келтірді. Әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор (жалпы қуаты — 330 МВт) Жизақ облысындағы Тузкан көлінде бой көтереді. Ресейлік «Росатом» құрылыстың бас мердігері болады, сонымен қатар құрылысқа өзбекстандық компаниялар да тартылмақ. Оны салу жұмыстары күзде басталады.

«Өзбекстан Орталық Азия өңірінде бірінші болып аз қуатты АЭС салу шешімін қабылдады. Осы тұрғыдан еліміз ұтымды жағдайда тұр. Өкінішке қарай, Қазақстанда жаппай радиофобияның белгілері бар. Өйткені, ұзақ жылдар бойы бұл елде ядролық қарудың сынақтары өтті, адамдар оның зардабын тартты. Бұл ретте, менің ойымша, Қазақстан Үкіметі өте орынды шешім қабылдады. Яғни, көршіміз жалпыхалықтық референдум өткізеді», — деп пікір қосты өзбекстандық сарапшы.

Равшан Назаров атап өткендей, референдумның қорытындысы бүтін халықтың пікірі мен АЭС туралы түсінігін көрсетеді.

«Егер референдумның нәтижесі бойынша бұл шешім қолдау тапса, онда Қазақстан Өзбекстанның ізімен АЭС салуға кіріседі деп ойлаймын. Алайда, оның қорытындысы бойынша көпшілік мұндай энергия өндіру көзіне қарсы болса, онда энергетика саласын дамыту оңай болмайтыны анық. Дефицит артса, Қазақстан көршілес мемлекеттерден, оның ішінде Өзбекстаннан электр энергиясын сатып алуы да мүмкін. Осы орайда, мен бауырлас қазақ халқы даналық танытып, ой-парасатының арқасында ұлт үшін ұтымды шешім қабылдайды деп сенемін», — деп түйіндеді Равшан Назаров.

Еске сала кетейік, елде атом электр станциясы жөніндегі референдум күзде өтеді.