Декларация тапсырған кәсіпорындар 3-5 жылға дейін тексерістен босатылуы мүмкін

АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде біз еңбек қауіпсіздігі саласындағы арнайы декларацияны толтыру мәселесін қарастырып жатырмыз.

 Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өтіп жатқан «Стратегиялық жоспарлаудың негіздері және еңбек қауіпсіздігін басқару жүйесін жетілдіру жолдары» тақырыбындағы семинар аясында журналистерге сұхбат берген министрліктің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Серікқали Бисақаев осылай айтты.

Оның хабарлауынша, қазіргі кезде министрлік өндіріс ошақтарының еңбек қауіпсіздігін күшейту мақсатында «декларация рәсімдеу» мәселесін бойынша жұмыс істеп жатыр. «Ол құжатты жұмыс берушілердің өздері ұсынуы тиіс. Онда еңбек қауіпсіздігі бойынша атқарылған нақты жұмыс пен мемлекеттік талаптарды орындау есебі көрініс табуы шарт. Мінеки, осындай декларацияны олар бізге тапсырады. Біз болсақ, ондай кәсіпорындарға арнайы куәлік береміз. Мемлекеттік инспекция оны 3 жыл немесе 5 жыл тексермеуі мүмкін. Дегенмен, бізге жұмысшылардың тарапынан бір арыз-шағым түсетін болса, біз кәулікті қайтарып аламыз. Ал ол кәсіпорынды құқық бұзушы компаниялардың тізіміне жазып қоямыз», - дейді С.Бисақаев.