«Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 51 750 теңге көлемінде айыппұл салынады. Декларацияда толық емес немесе анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 10 350 теңге көлемінде айыппұл салынады. Жыл ішінде бірінші рет салық объектілерін жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200 пайыз мөлшерінде айыппұл, қайталап бұзушылық үшін 300 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады», - деді ол.
Осы орайда ол жеке табысқа салықтық бақылау қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді.
«Сонымен, біріншіден камералдық бақылау жүргізіледі – жеке тұлғалардың шығындары осылайша бақыланады. Декларацияның бар-жоқтығы тексеріледі. Декларацияда табыс пен мүлікті көрсетпеу және кірісті азайтып көрсету фактісі анықталады. Одан кейін камералық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі», - деді Нұржан Қуандықов.