Әйелдерді «миллионмен декретке» шығарған ақтөбеліктер ақшаны кері қайтаруы тиіс

Коллаж: canva

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Бір қылмыстық іс аяқталып, ақшаны өндіру азаматтық тәртіппеп қаралып жатыр. Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті тағы 2 іс бойынша тергеуге кірісті.

Ақтөбе облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті Мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемді заңсыз алған 2 ақтөбелікті анықтап, іс сотқа жетті. Сотталушылар 2023-2024 жылдар аралығында «декретке миллионмен» қызметін жарнамалап, жүкті әйелдерді жеке кәсіпкер, жұмысшы ретінде тіркейді. Жалған есеп жүргізіп, міндетті төлемдерді аударады. 

— Нәтижесінде 10 адам заңсыз схеманың қатысушысы болды. Қаржының бір бөлігін, яғни әлеуметтік төлем аударылғаннан кейін әр әйелден 532 000 — 2 200 000 теңге алған. Тергеу кезінде жүктілік пен босанғаннан кейін алған әлеуметтік төлемнің жалпы сомасы 98 млн теңге болды. Заңсыз жолмен 20 млн теңге пайда тапқан. Айыпталушылар кінәлі деп танылып, 5 жыл 6 ай және 6 жыл бас бостандығынан айырылды. Олардың жылжымайтын мүлкі мен көлігі тәркіленді. Бірақ үкім әлі заңды күшіне енбеді, — деді Ақтөбе облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жадан Бисембин.

Қазіргі кезде тағы 2 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр. Бұл істе де «декретке миллионмен» схемасы бар. 

Еске салсақ, Қызылорда қаласының тұрғындары Жанерке Әбдімәлікова және Жұлдызай Бакирова жүктілікке және босануға, сондай-ақ бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты табысынан уақытша айырылған әйелдерге арналған әлеуметтік төлемдерді еселеп алу үшін заңсыз схема ұйымдастырған. Нәтижесінде Ж.Әбдімәлікова 34 әйелге, Ж.Бакирова 20 әйелге заңсыз құжат рәсімдеген. Екеуі де бас бостандығынан айырылды