Декретке шыққан ата-аналарға қай елде қанша ақша төленеді

АСТАНА. KAZINFORM – Әлем елдерінде бала дүниеге келгеннен кейін ата-аналарға берілетін демалыстың ұзақтығы мен төлем мөлшері әртүрлі. Кей мемлекеттерде әйелдер бірнеше айдан кейін жұмысқа оралса, енді бірінде ата-аналар бір жылдан астам уақыт бала күтімімен айналыса алады. Бірқатар елде осы кезеңде жалақының басым бөлігі өтеледі, ал кейбірінде ақылы демалысқа мемлекет тарапынан кепілдік жоқ. Kazinform тілшісі Еуропа, Азия, Таяу Шығыс, Орталық Азия және АҚШ-та декреттік демалыстың қалай берілетінін шолып шықты.

Фото: Kazinform / ЖИ

Еуропа

Швецияда бала дүниеге келгенде ата-аналарға жалпы 480 күн ақылы демалыс қарастырылған. Оның 390 күніне төленетін жәрдемақы ата-ананың табысына қарай есептеледі. Төлемді аптасына жеті күнге рәсімдеген жағдайда ата-ана табысының шамамен 80 пайызын ала алады, қалған 90 күн үшін күніне 180 швед кронасы (шамамен 18 доллар) мөлшерінде жәрдемақы беріледі. Демалысты әкесі мен анасы өзара бөлісе алады. Бірақ оның 90 күні анасына, тағы 90 күні әкесіне арнайы бөлінген. Бұл күндерді бір-біріне беруге болмайды.

Швецияның әлеуметтік сақтандыру агенттігінің мәліметінше, ата-аналар демалыстың белгілі бір бөлігін бала 12 жасқа толғанға дейін пайдалана алады. Сонымен қатар төлем қарастырылған күндердің бір бөлігін баланың ата-әжесіне немесе басқа күтушіге беру мүмкіндігі де бар.

Норвегияда бала күтіміне байланысты ақылы демалыстың ұзақтығы ата-аналардың қандай төлем тәртібін таңдағанына байланысты. Олар 49 апта бойы бұрынғы табысының 100 пайызын немесе 61 апта және бір күн бойы 80 пайызын ала алады. Елдің Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының (NAV) мәліметінше, бұл демалыс анасы мен әкесіне ортақ беріледі, бірақ әрқайсысына арнайы бөлінген мерзім бар.

49 апталық демалысты таңдаған жағдайда анасы мен әкесіне 15 аптадан беріледі. Тағы 16 аптаны ата-аналар өзара бөлісе алады. Қалған үш апта анасына босанғанға дейін қарастырылған. Ал 61 апта және бір күндік демалысты таңдаса, анасы мен әкесінің әрқайсысына 19 аптадан бөлінеді. Әкесі өзіне тиесілі демалысты пайдаланбаса, бұл мерзім әдетте анасына берілмейді. Дегенмен мемлекет өтейтін табыстың жоғарғы шегі бар. Сондай-ақ төлем алу үшін еңбек өтілі мен табысқа қатысты талаптар сақталуы керек.

Бұдан бөлек, Норвегияда ата-аналардың әрқайсысы 12 айға дейін қосымша ақысыз демалыс алуға құқылы. Бұл кезеңде жұмыс орны сақталады, бірақ бала күтіміне байланысты жәрдемақы төленбейді. Қосымша демалысты негізгі демалыстан кейін бірден пайдалану қажет.

Германияда әйелдерге босанғанға дейін алты апта, босанғаннан кейін сегіз апта демалыс беріледі. Германияның Отбасы істері жөніндегі федералдық министрлігінің мәліметінше, бұл кезеңде олардың бұрынғы таза табысы, әдетте, толық өтеледі. Ал бала күтіміне байланысты әкесі де, анасы да үш жылға дейін жұмыс орнын сақтай отырып демалыс ала алады. Бірақ бұл уақыттың барлығына ақы төленбейді.

Елде бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы (Elterngeld) қарастырылған. Оның негізгі түрі көбіне бұрынғы таза табыстың 65 пайызын құрайды және айына 300–1800 еуро аралығында төленеді. Ата-аналар жәрдемақыны қысқа мерзімде көбірек мөлшерде немесе ұзағырақ уақыт бойы аз мөлшерде алуды таңдай алады. Мысалы, айына 1200 еуродан бір жыл алудың орнына 600 еуродан екі жыл алуға болады. Бұл – бір жәрдемақыны алудың екі түрлі тәртібі. Ал бала күтімімен қатар әкесі де, анасы да аптасына 24–32 сағат жұмыс істесе, әрқайсысына қосымша екі-төрт ай жәрдемақы төленуі мүмкін.

Ұлыбританияда әйелдерге 52 аптаға дейін декреттік демалыс беріледі. Ел үкіметінің дерегінше, оның 39 аптасына ғана заңда белгіленген тәртіппен ақы төленеді. Алғашқы алты аптада әйелдің орташа апталық жалақысының 90 пайызы өтеледі. Қалған 33 аптада төлем аптасына 194,32 фунт стерлингтен (шамамаен 258 доллар) аспайды. Егер әйелдің орташа апталық жалақысының 90 пайызы осы сомадан аз болса, сол төмен мөлшер төленеді.

Азия

Оңтүстік Кореяда ата-аналардың әрқайсысы бала күтіміне байланысты бір жылға дейін демалыс ала алады. 2025 жылдан бастап белгілі бір талаптарды орындаған отбасылар үшін бұл мерзім бір жарым жылға дейін ұзартылды. Елдің Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің мәліметінше, бала күтіміне шыққан қызметкерлерге алғашқы үш айда бұрынғы жалақысының 100 пайызы төленеді. Бірақ жәрдемақы айына 2,5 миллион воннан аспайды. Төртінші айдан алтыншы айға дейін төлемнің жоғарғы шегі 2 миллион вонды, ал жетінші айдан бастап жалақының 80 пайызы, ең көбі 1,6 миллион вонды құрайды.

Елде әкелерді де бала күтіміне тартуға арналған «6 6» бағдарламасы бар. Егер әкесі де, анасы да бала 18 айға толғанға дейін алты айдан демалыс алса, әрқайсысына бұрынғы жалақысының 100 пайызына дейін жәрдемақы төленеді. Бұл ретте төлемнің жоғарғы шегі ай сайын өсіп, алтыншы айда 4,5 миллион вонға жетеді. Мысалы, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы айына 2 миллион вон табатын болса, екеуі де жұмыстан уақытша босап, ай сайын 2 миллион воннан жәрдемақы ала алады. Осылайша, отбасының ай сайынғы жалпы табысы 4 миллион вон болуы мүмкін. Ата-аналар демалысты бір уақытта немесе кезекпен пайдалана алады.

Фото: Kazinform / ЖИ

Қытайда жүктілік пен босануға байланысты демалыстың ұзақтығы өңірге қарай өзгереді. Елде әйелдерге кемінде 98 күн демалыс беріледі, ал жергілікті билік бұл мерзімді ұзарта алады. Мысалы, Шанхай қаласының әкімшілігінің дерегінше, әйелдер 158 күн, яғни бес айдан сәл астам уақыт демалады. Одан кейін жұмысқа шығуы керек. Бірақ жұмыс беруші келіссе, бала күтіміне байланысты тағы 6,5 ай демалыс алуға болады. Бұл кезеңде бұрынғы жалақысының кемінде 80 пайызы төленеді. Осылайша әйел белгілі бір шарттармен баласы бір жасқа толғанға дейін үйде отыра алады. Бұдан бөлек, Шанхайда бала үш жасқа толғанға дейін әкесі мен анасының әрқайсысына жыл сайын бес күннен ақылы демалыс қарастырылған.

Қытайда бала тәрбиесіне жұмсалатын шығынды азайту үшін қаржылай қолдау да күшейтіліп жатыр. 2025 жылдан бастап үш жасқа дейінгі әр балаға жыл сайын 3600 юань көлемінде мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Осылайша, бала дүниеге келгеннен бастап үш жасқа толғанға дейін жалпы 10 800 юань алуға болады. Бұл төлем отбасындағы балалардың санына қарамастан әр балаға жеке тағайындалады.

Таяу Шығыс

Біріккен Араб Әмірліктерінде декреттік демалыстың ұзақтығы жұмыс орнына байланысты өзгереді. Жеке секторда жұмыс істейтін әйелдерге 60 күн демалыс беріледі. Оның алғашқы 45 күнінде жалақы толық, қалған 15 күнінде 50 пайызы төленеді. Демалысты босануға 30 күн қалғанда бастауға болады. Ал орталық мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін әйелдерге 90 күн толық ақылы демалыс қарастырылған.

Егер әйел жүктілікке немесе босануға байланысты сырқаттанып, жұмысқа шыға алмаса, медициналық анықтама негізінде қосымша 45 күн ақысыз демалыс ала алады. Ал бала ауырып немесе мүгедектігіне байланысты тұрақты күтімді қажет етсе, анасына тағы 30 күн толық ақылы және 30 күн ақысыз демалыс беріледі. Бұл қосымша демалыстар жеке сектор қызметкерлеріне арналған. Жұмысқа оралған әйелдер баласы алты айға толғанға дейін оны емізу үшін күніне бір сағатқа дейін ақылы үзіліс ала алады.

Сауд Арабиясында 2025 жылы күшіне енген еңбек заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес әйелдерге 12 апта немесе 84 күн толық ақылы декреттік демалыс беріледі. Оның 6 аптасы міндетті түрде босанғаннан кейін пайдаланылуы тиіс. Қалған 6 аптаны әйел өз қалауынша бөле алады. Демалысты тағы бір айға ұзартуға болады, бірақ бұл кезеңде жалақы төленбейді. Егер нәресте ауырып қалса немесе мүгедектігіне байланысты тұрақты күтімді қажет етсе, анасына қосымша бір ай толық ақылы және бір ай ақысыз демалыс қарастырылған. Жұмысқа оралған әйел баласын емізу үшін күніне бір сағатқа дейін жалақысы сақталатын үзіліс ала алады.

АҚШ

АҚШ Еңбек министрлігінің мәліметінше, бүкіл елге ортақ заң бойынша белгілі талаптарға сай қызметкерлер бала туғаннан кейін 12 аптаға дейін демалыс ала алады. Бұл кезеңде олардың жұмыс орны сақталады, бірақ жалақы төлеу міндетті емес. Демалысты анасы да, әкесі де пайдалана алады. Ал федералдық мемлекеттік қызметкерлердің белгілі санаттарына 12 аптаға дейін толық ақылы демалыс беріледі.

Жекелеген штаттарда ақылы демалыс бағдарламалары бар. Мәселен, Калифорнияда бала күтіміне байланысты 8 аптаға дейін бұрынғы табыстың 70–90 пайызы төленеді. Нью-Йорк штатында ата-аналар 12 аптаға дейін орташа апталық жалақысының 67 пайызын ала алады. Екі штатта да төлемнің жоғарғы шегі белгіленген.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) 2024 жылғы зерттеуіне сәйкес, АҚШ – ұйымға мүше мемлекеттердің ішінде бүкіл ел бойынша ақылы декреттік демалыс қарастырылмаған жалғыз ел. Зерттеуде мұндай демалыстың болмауы әсіресе табысы төмен отбасыларға қиындық туғызатыны айтылған. Ұйым АҚШ-та бүкіл елге ортақ ақылы бала күтімі демалысын енгізуді ұсынады.

Фото: Kazinform / ЖИ

АҚШ-тың бала күтімі жөніндегі мемлекеттік порталының мәліметінше, елде демалыс аяқталғаннан кейін ата-аналар жұмысқа оралып, балаларын арнайы күтім орталықтарына немесе бөбекжайларға бере алады. Елде нәрестелерді алты аптасынан бастап қабылдайтын мекемелер де бар. Мұндай орталықтар негізінен ақылы жұмыс істейді. Кейбір отбасылар күтуші жалдаса, басқалары баланы туыстарының қарауына қалдырады немесе ата-ананың бірі жұмыстан уақытша кетеді.

Орталық Азия

Өзбекстанда Әділет министрлігінің мәліметінше, әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты 126 күн демалыс беріледі. Оның 70 күні босанғанға дейін, 56 күні босанғаннан кейін қарастырылған. Егер босану кезінде асқынулар болса немесе егіз, үшем дүниеге келсе, демалыс 140 күнге дейін ұзартылады.

Өзбекстан үкіметінің ресми порталындағы мәліметке сәйкес, декреттік демалыс, яғни 126 күн аяқталғаннан кейін әйел бала екі жасқа толғанша күтім демалысын алып, заңда белгіленген тәртіппен жәрдемақы ала алады. Одан кейін бала үш жасқа толғанға дейін ақысыз демалыста қалуға құқылы. Осы уақыт ішінде жұмыс орны сақталады. Бала күтімі демалысын әкесі, атасы, әжесі немесе баланы іс жүзінде бағып отырған басқа туысы да пайдалана алады.

Сонымен қатар Өзбекстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек шартымен жұмыс істейтін әйелдерге декреттік демалысы аяқталған күннен бастап баласы бір жасқа толғанға дейін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы төлеудің жаңа тәртібі енгізіледі. Бұл өзгеріс әзірге күшіне енген жоқ.

Фото: freepik.com

Қырғызстанда Еңбек министрлігінің дерегінше, әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты 126 күн демалыс беріледі. Оның 70 күні босанғанға дейін, 56 күні босанғаннан кейін қарастырылған. Егер босану кезінде асқынулар болса немесе егіз, үшем дүниеге келсе, демалыс 140 күнге дейін ұзартылады.

Декреттік төлемнің тәртібі өзгеше. Жұмыс істейтін әйелдерге демалыстың алғашқы 10 жұмыс күні үшін жалақысының 100 пайызы төленеді. Бұл қаражатты жұмыс беруші төлейді. Ал 11-жұмыс күнінен бастап жәрдемақы мемлекеттік бюджет есебінен беріледі. Оның мөлшері айына 2000 сомды құрайды. Бұл тәртіп 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.

Бірақ елдің биік таулы және қатынауы қиын шалғай аймақтарында жұмыс істейтін әйелдерге ерекше жағдай жасалған. Оларға декреттік демалыстың бүкіл кезеңінде жалақысының 100 пайызы төленеді. Мұндай өңірлерде қалыпты босану кезінде демалыс 140 күн, асқынулар болса 156 күн, ал егіз немесе одан көп бала дүниеге келсе 180 күнге дейін созылады.

Елдің Еңбек кодексі бойынша, 126 күндік декрет аяқталғаннан кейін ата-аналар бала үш жасқа толғанша күтім демалысын ала алады. Бірақ бұл кезеңде жалақы сақталмайды. Демалысты анасы ғана емес, әкесі, атасы, әжесі немесе баланы бағып отырған басқа туысы да пайдалана алады. Демалысты толық немесе бөліп алуға рұқсат етіледі.

Әлем елдерінде декреттік демалыстың ұзақтығы мен төлем мөлшері әртүрлі. Оның тиімділігі демалыс мерзіміне ғана емес, ата-ана табысының қаншалықты сақталатынына да байланысты.