Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, бала күтімімен отырған әйелдер 1,5 жыл бойы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алады.
Осы төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары ұсталып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке зейнетақы шотына аударылады.
Бұл тәртіп заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін де сақталады.
- Сонымен қатар бала күтіміне байланысты демалыс кезеңі базалық зейнетақыны есептеу кезінде еңбек өтілі ретінде ескеріледі. Демек, бала күтіміне жұмсалған уақыт болашақта базалық зейнетақы мөлшерін айқындауға да әсер етеді, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпаратта.
Осылайша, ана декреттік демалыста болған кезде де оның зейнетақы жинақтары толықтырылып, жарналарды аудару үдерісі автоматты түрде жүзеге асырылады.
Айта кетейік, бұған дейін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнен 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталып, алушының БЖЗҚ-дағы жеке шотына аударылатыны хабарланған болатын.