Декриминализациялау арқылы 941 қылмыстық іс қысқартылды - ҚР қаржы полициясы

АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Қаржы полициясы агенттігінде Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

Отырыста екі мәселе қарастырылды: «Шағын және орта бизнес қызметіне негізсіз араласу фактілерін болдырмау бойынша қабылданған іс-шаралар туралы» және «Қаржы полициясы агенттігінің өз қатарларындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша қабылдаған іс-шаралары және кезектен тыс аттестаттаудың нәтижелері туралы».

Отырысты алғы сөзбен Қоғамдық кеңестің төрағасы Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов ашты.

Экономикалық және қаржылық қылмыстарды ашу департаментінің бастығы Жанат Әлиманов өзінің баяндамасында Агенттік Елбасының инвестициялық жағдайды жақсарту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында 2011 жылы екі кезеңде қылмыстық заңнаманы декриминализациялау және ізгілендіру бойынша жұмыс жүргізгендігін айтты.

Нәтижесінде ҚР ҚК-нің 5 бабы толық, 23 бабы ішінара декриминализацияланды, кейбір баптар бойынша қылмыстық жауапкершіліктің басталатын ең төменгі сома табалдырығы жоғарылатылды.

Декриминализациялау арқылы 941 қылмыстық іс қысқартылып, тергеуге дейінгі тексерістің 321 материалы бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды.