Демалыс және мереке күндері тұрғын үй секторында рейдтер жүргізілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов өрт қауіпсіздігі мәселесі бойынша жауапты ведомстволарға рейд жүргізуді тапсырды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

- Жыл сайын жылу беру кезеңінде өрт қаупі арта түседі. Тұрғындар пеш жағып, түрлі жылыту құралдарын пайдаланады. Алайда көп жағдайда өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтауға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, қауіпсіздік мәселелеріне қатысты тұрғындардың жеке жауапкершілік деңгейі артпай отыр. Суық түсе қайғылы жағдайларға әкеп соғатын өрт саны көбейеді. Өткен қыста мұндай оқиғалар аз болған жоқ, оның ішінде адамдар зардап шегіп, қаза тапқан жағдайлар да болды. Қазіргі уақытта тұрғын үй секторында өрт саны 12%-ға төмендеді. Алайда бұл профилактикалық шараларды бәсеңдетуге негіз болмауға тиіс. Жылу беру маусымы енді басталды. Күз біршама жылы болғанымен, нағыз суық күндер әлі алда. Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт қауіпсіздігі саласындағы түсіндіру және профилактикалық шараларын күшейтуді тапсырамын, - деді О. Бектенов.

Оның айтуынша, волонтерлер мен қоғам өкілдерін жұмылдыра отырып, халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған жұмыстарды жандандыра түсу керек. Оқу орындарында өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша интерактивті сабақтар мен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Білім алушылар өрт кезінде қалай әрекет ету керектігін нақты білуге тиіс.

- Бұл – Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Төтенше жағдайлар министрліктерінің міндеті. Демалыс және мереке күндері тұрғын үй секторында рейдтер жүргізіп, үй-жайларды аралау керек. Аталған жұмысқа әкімдіктер мен ішкі істер органдарының қызметкерлерін жұмылдырған жөн. Төтенше жағдайлар министрлігі тек формалды ұсыныс-нұсқаулар берумен шектелмеуге тиіс. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін барынша пәрменді шаралар қабылдау қажет, - деді Үкімет басшысы.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда тұрмыстық газ баллондарына міндетті таңбалау енгізіледі.