Ақмола облысының тұрғыны шағымын әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялады.
Әйелдің айтуынша, Бурабай ауданындағы көлдерге шомылғаннан кейін оның отбасының бірнеше мүшесінде тері бөртпелері пайда болған. Дәрігерлер буллезді дерматит диагнозын қойған ұлы ең қатты зардап шекті. Қазіргі уақытта аурудың көл суымен тікелей байланысты екенін анықтау қиын. Сондықтан әйел демалыс жоспарлап отырғандарға сақ болуды ескертуді шешкен. Ақмолалық әйел құзыретті органдарға да хабарласты, қазіргі кезде тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Kazinform агенттігінің сұрауына жауап берген Ақмола облысы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті шомылу маусымы басталғаннан бері демалушылардан су айдындарына барғаннан кейін тері аурулары немесе аллергиялық реакциялар туралы ешқандай шағым түспегенін хабарлады.
- Қоғамдық шомылу үшін пайдаланылатын су айдындары екінші санаттағы су айдындарына жатқызылған. Санитарлық заңнама талаптарына сәйкес жылы мезгіл ішінде зертханалық тексеруді қоса алғанда су сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіледі. Әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа байланысты департамент жоғарыда аталған демалыс аймақтарында қосымша су сынамаларын алуды және жоспардан тыс су сапасына мониторинг жүргізуді ұйымдастырады. Зертханалық тексеру қорытындылары бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға тиісті баға беріледі, - делінген жауапта.
Дәрігерлер азаматтарды ауру белгілері байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырды. Егер қандай да бір сұрақтар туындаса немесе қоршаған орта факторларының жағымсыз әсеріне күдік болса, қажетті тексеру жұмыстарын жүргізу үшін уәкілетті органдарға ресми өтініш жіберілуі керек.