Демалыс күндері Алматыда алты қылмыскер ұсталды

None
АЛМАТЫ. 25 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Өткен демалыс күні Алматы тәртіп сақшылары 6 қылмыскерді құрықтады, оның үшеуі елдің басқа аймақтарында қылмыс жасағандар. Бұл жайында Алматы қаласы ІІД-ның баспасөз қызметі мәлім етті.

Ұсталғандардың ішінде осыдан жеті жыл бұрын Шымкент қаласындағы жеке кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасаған топтың қатарында болған 26 жасар азамат та бар.

"Шабуыл жасағаннан кейін қылмыскер елдің әр қаласында жасырынып, қашып жүрген. Жақында ол Алматыға келген. Жұмыс таппай біраз уақыт жүрген ол қайыршылардың тобына қосылып, ішімдікке салынып, әр жерде түнеп жүрген. Көп ұзамай біздің назарымызға ілініп, құрықталды", -дейді Алматы қаласы ІІД-нің криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары Вадим Стрельцов.

Осындай жағдаймен Қырғызстанның 38 жасар азаматы да ұсталды. Жамбыл облысының түзету мекемесінде өз жазасын өтеп жатқан қылмыскер, жақында ол жерден қашып кеткен. 1-ші сәуір күні Жамбыл облысының полицейлері оған іздеу салып, көп ұзамай ол Алматыдан ұсталған.

"Ұсталған екеуі де іздеу салған өз аймақтарына жеткізіледі. Көрші аймақтардың ІІД-нің бірлесе жұмыс істеуі қылмыскерлерге іздеу шараларын тиімді жүргізуге көмектеседі. Осындай тәжірибеге толы ынтымақтастық ТМД-ның заң қорғаушы орган өкілдерімен де жақсы жолға қойылған. Естеріңізге сала кетсем, жақында Томск қаласындағы әріптестеріміз 47 жасар еркектің өліміне қатысты қылмыскерді ұстап беруге көмектесті", -деп атап өтті өз сөзінде В.Стрельцов.