Демалыс күндері елордада Қарағанды облысының жәрмеңкесі өтеді
08:28, 30 Маусым 2018
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың 20-жылдығына орай 30 маусым және 1 шілде күндері Астана қаласында Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Жәрмеңке Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінің бойындағы «Қазақстан» спорт кешенінің аумағында өткізіледі.
Жәрмеңке алаңына 50 шатырдағы сауда нүктесі орналастырылады.
Жәрмеңкеде Қарағанды облысының аудан және қалаларындағы 50 шаруа қожалығы, сонымен қатар «Қарағанды - Нан Корпорациясы», «Нәтиже-Сүт» ЖШС, «Евразиан Фудс» АҚ, «Бидай НАН» ЖШС, «Тұлпар Фирмасы» ЖШС қайта өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерін ұсынады.
Онда 83 тонна ет және ет өнімдері, 19 тонна сүт өнімдері, 520 мың дана жұмыртқа, 3 тонна балық, 8 тонна нан-тоқаш бұйымдары, 19 тонна басқа да өнімдер саудаланады.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу аясында бауырсақ және қымыз фестивальдері ұйымдастырылып, Осакаровка, Абай және Нұра аудандарының шығармашылық ұжымдары концерт қояды.