Демалыс күндері елордалықтар қайда барса болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігінің сайты Астана қаласының мәдени және спорт мекемелерінде 1-3 желтоқсан аралығында өтетін іс-шаралар жоспарын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1 желтоқсанда «Астана-Арена» стадионында Тұңғыш Президент күніне орай балалар мен жастар арасында бокс турнирі басталады. Спорттық іс-шараның басталу уақыты: сағат 10:00-де.

Ал 2 желтоқсанда сағат 10:00-ден бастап елорда тұрғындары мен қонақтары «Қазақ елі және Елбасы» көрмесін тамашалай алады. Сәкен Сейфуллин мұражайында ұйымдастырылған көрме 5 желтоқсанға дейін жұмыс істейді. Сенбі және жексенбі, 2-3 желтоқсанда жасөспірімдер командалары арасында шайбалы хоккейден республикалық чемпионат өтеді.

Ойынның басталуы сағат 12:00-де.  3 желтоқсанда қалалықтар үшін Тәуелсіздік сарайында түрлі көрмелер ұйымдастырылады. Мұнда танымал суретшілердің, заманауи өнер шеберлерінің туындыларын көруге болады.

«Ақановтар әулеті», «Астана - жастар болашағы», «Кеңістіктегі қозғалыс», «Түс әлемі», «Үміт жолы» көрмелері жұмысын сағат 10:00-де бастайды. Көрме желтоқсан айының соңына дейін жұмыс істейді. Сол күні сағат 17:00-де «Барыс Арена» стадионында өтетін ҚХЛ чемпионаты аясында «Барыс» пен «Металлург МГ» командалары кездеседі. 

Мерекелік демалыс күндері итальяндық жұлдыздардың «Сан-Ремо» концерттік бағдарламасымен аяқталады.Концерт «Жастар» сарайында өтеді. Басталуы: сағат 19:00-де.