Электрондық үкіметтің egov.kz порталында ел аумағында жылжымайтын мүлік объектілерін анықтау және жылжымайтын мүлкінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама ең көп сұранысқа ие болды.
«Өткен 4 күн ішінде қазақстандықтар алған қызметтердің 21 мыңнан астамы аталған анықтамалардың еншісінде. Зейнетақы жинақтарының жай-күйі, соттылығының жоқтығы туралы, наркологиялық және психоневрологиялық ұйымдардан берілетін анықтамалар да жиі сұралады», - делінген баспасөз хабарламасында.
Қазақстандықтар eGov mobile қосымшасын да белсенді пайдалануда. Демалыс күндері аталған қосымша AppStore PlayMarket арқылы 14 мыңнан аса рет жүктелген. Осы қосымшаның көмегімен өткен 4 күн ішінде азаматтар 67 мыңға жуық мемлекеттік қызмет алған.
«Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 80%-ы онлайн қолжетімді. Оларды азаматтар электрондық үкіметтің egov.kz сайты, eGov mobile қосымшасы, Telegram-дағы egovkzbot2.0 арнасы, Facebook және ВКонтакте әлеуметтік желілері арқылы ала алады», - делінген хабарламада.