ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Алдағы демалыс күндері Қызылорда қаласындағы қоғамдық орындардың қызметі тоқтатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Коронавирус инфекциясының алдын алу бағытында Қызылорда қаласы әкімдігі жанындағы жедел штаб осындай шешім қабылдады. Бұл коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысындағы тапсырмаға сәйкес қолға алынып отыр.
Қызылорда қаласындағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз болуына байланысты осындай шешім қабылданды.
«Енді 20-21 маусымда саябақтар (Тұңғыш Президент паркі, қалалық темір жол вокзалы жанындағы, Б.Шөкенов атындағы және өзге де бақтар), жағалаулар мен аквапарктер, қоғамдық орындардың жұмысы уақытша тоқтатылады. Сондай-ақ, 65 жастан асқан азаматтардың көшеде жүруі шектеледі», - деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов.
Сондай-ақ, Шиелі ауданында карантин талаптары күшейетінін жазған болатынбыз.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.