Демалыс күндері жаңбырлы болып, келер апта күн күрт ысиды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазгидромет Қазақстанның солтүстік облыстарын салқын ауа райын алып келген циклон Батыс Сібірдің оңтүстігіне көшетіндігін хабарлайды. Есесіне ел аумағына тропикалық ауа таралып, Қазақстанның тек оңтүстігі ғана емес, солтүстігі де қатты ысиды.

Жақын арадағы екі күнде найзағайлы және екпінді желмен өткінші жаңбыр Қазақстанның солтүстігінде, орталығында, шығысында және оңтүстік-шығысында сақталады. Дүйсенбі күні жауын-шашын болмайды және температура күрт көтеріледі.

Атап айтқанда орталықта және оңтүстік-шығыста 30... 40ºС-ге дейін, солтүстікте 30... 38ºС-ге дейін, шығыста 28... 33ºС-ге дейін жылы болады. Ең ыстық ауа райы республиканың батысында және оңтүстігінде күтіледі, мұнда сынап бағанасы 33... 45ºС-ге дейін көтеріледі.