Демалыс күндері жолда қалып қойған 77 адам қар құрсауынан құтқарылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде демалыс күндері қар құрсауынан 77 адам құтқарылып, 59 техника қардан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Демалыс күндері Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарда қар құрсауынан 77 адам , оның ішінде 4 бала құтқарылып, 59 техника шығарылды. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

6 ақпанда Созақ ауданы Шолаққорған ауылынан 135 шақырым жерде «Ұланбел-Созақ-Екпінді» облыстық маңызы бар автожолының жабық учаскесінің 577-642 шақырымында жолаушылары бар 53 автокөлік қар құрсауында қалды.

Түркістан облысы ТЖ департаментінің құтқарушылары 53 автокөлікті қар құрсауынан шығарып, 23 адамды Жартытөбе ауылындағы Тастемірсай жылыту бекетіне жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, сағат 20.16-дан бастап Созақ ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты ШҚ-2 «Ұланбел-Созақ-Екпінді» облыстық маңызы бар автожолдың 577-642 шақырымында жол жабылған болатын.

Жамбыл облысы ТЖД құтқарушылары Жуалы ауданы «Алматы-Ташкент» автожолының 587-593 шақырымында автожолдың жабық учаскесінде тоқтап қалған автокөліктерден 19 адамды, оның ішінде 4 баланы Шақпақ ата мен Момышұлы ауылдарының жылыту пунктеріне жеткізді.

Сағат 20.47-де Сарысу ауданының Жаңатас қаласынан 20 шақырым жерде жол бойында істен шыққан жеңіл автокөліктің 6 жолаушысы Жаңатас қаласына жеткізілді.

Тарбағатай ауданында Ақсуат ауылынан 33 шақырым жерде үш жолаушысы бар Нива автокөлігі қар құрсауында қалды.

Оқиға орнына арнайы техникамен келген Шығыс Қазақстан облысы ТЖД құтқарушылары автокөлікті жолдың тазартылған учаскесіне шығарды. Автокөлік өз бағытымен жолын жалғастырды.

Сағат 03.45-те Амангелді ауданының Кемер ауылынан 5 шақырым жерде жол бойында Қостанай облысы ТЖД құтқарушылары тазартылған учаскеге 4 жеңіл көлікті шығарып, елді мекенге дейін жеткізіп салды. Көлікте 20 жолаушы болған.

Сағат 13.00-де Қамысты ауданының Свободное ауылы маңында Қостанай облысы ТЖД құтқарушылары істен шыққан жеңіл автокөлікте болған 6 адам, оның ішінде жүкті әйел елді мекенге жеткізілді. Ауылды округ әкімдігі құтқарылғандарға ыстық тамақ беріп, көліктерін жанар-жағармаймен толтырды.

Құтқарылғандар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. Авариялық-құтқару операцияларына 27 құтқарушы мен 7 техника жұмылдырылды.

ТЖМ азаматтарға елді мекеннен шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді.

«Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамымен танысып, автокөліктің техникалық жай-күйінің дұрыстығына көз жеткізген абзал. Өзіңізбен бірге қысылтаяң жағдайда көмектесетін барлық қажетті заттарды алып жүріңіз. «Дәрмен» мобильді қосымшасы жолдардың жабылуы және дауылды ескерту туралы хабардар болуға мүмкіндік береді» деп ескертеді министрлік.

Құтқару қызметінің бірыңғай телефоны - 112.