Бұл туралы бүгін апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, өкінішке қарай жауапты адамдардың заңнама талаптарын орындамауы салдарынан балалардың жарақат алуы немесе қаза болуы орын алған.
Биылғы жылдың шілдесінде Қостанай облысының Тобыл өзенінде «Алқызыл желкен» демалыс лагерінің төрт тәрбиеленушісі мінген қайықтың аударылуы салдарынан 3 бала суық тиіп ауруханаға жатқызылып, біреуі қаза болған.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, қайғылы оқиға қарапайым қауіпсіздік талаптары сақталмауынан орын алған. Атап айтқанда балаларға құтқарушы жилеттер берілмеген, сондай-ақ ауа райының қолайсыздығы ескерілмеген.
Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі кезде іс айыптау қорытындысымен сотқа жіберілді.
Сонымен қатар ол кейбір демалыс орындарында тамақтану нормаларының сақталмауы, балаларды жеке гигиена заттарымен қамтамасыз етпеу, бөлмелерде балаларды екі есе артық орналастыру секілді деректер анықталғанын айтып өтті.
«Жекелеген балалар демалысы орындарының меншік иелері пайда қуып, жеткіншектер денсаулығына қауіп төндіретін нысандарды әрі қарай қолдануға салынған тыйымды да елемеген», - деді Н. Сүйіндіков.