Демалыста жүрген патрульдік полицей қызметкері қарулы бұзақыны залалсыздандырды

АЛМАТЫ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда демалыста жүрген патрульдік полицей қызметкері қарулы бұзақыны залалсыздандырды, деп хабарлайды Алматы қаласының ІІД-нің баспасөз қызметі.

Оқиға Алматының Медеу ауданында орын алған. Кешкі сағат бестер шамасында Райымбек даңғылының бойында демалыс кезінде серуендеп жүрген патрульдік полиция полкінің қызметкері, полиция аға сержанты Жанғали Жамалбеков екі ер адам арасындағы қақтығысқа назар аударады. Тәртіп сақшысы төбелесіп жатқандардың жанына барып, жағдайдың анық-қанығын ұғынуды өзінің кәсіби және азаматтық борышы деп санаған.

«Біздің қызметкер қызметтен тыс болған соң күнделікті қарапайым киімде болған. Жақынырақ барған ол бір ер адамның екіншісін қатыгездікпен ұрып жатқанын көреді. Полицей пышақпен қаруланған бұзақыны ұстауға шара қолданады. Алайда, арпалыс кезінде аға сержант Жамалбеков оң иығынан пышақ жарақатын алады. Бірақ, ол өзінің көп қан жоғалтқанына да қарамастан қылмыскерді қарусыздандырып, оны қолға түсіреді. Әріптесіне көмекке дәл уақытында келіп жеткен жол полициясының қызметкерлері оқиға болған жерге «жедел жәрдем» шақырған»,- деп мәлім етті Алматы қаласының ІІД патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары, полиция подполковнигі Қуаныш Әбдірахманов.

Бәрінен бұрын дәрігерлердің көмегіне таяқ жеген жүргінші мұқтаж болды. Ол таяу маңдағы ауруханаларының біріне жеткізілді. Ал жедел-тергеу тобын күтуге қалған полицейге дәрігерлер тікелей оқиға болған жерде алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен.

«Құрықтау кезінде белсенді қарсылық көрсеткен сотқар Жамбыл облысы Мерке ауданының 27-жасар тұрғыны болып шықты. Наркологиялық сараптама нәтижесі оның орташа дәрежедегі алкогольді масаңдықта болғандығын анықтады. Біраз спиртті ішімдік ішкен екі таныс арасында жанжал туып, нәтижесінде біреуі екіншісіне пышақпен тарпа бас салғаны кейінірек анықталды. Бір қуанарлығы, жанынан өтіп бара жатқан біздің қызметкер туындаған жағдайға немқұрайлықпен қарамай, өз денсаулығының құнымен қылмыскерді залалсыздандырып, сонымен қатар өзінің қызметтік парызын абыроймен орындады. Тәртіп сақшысы бұл оқиғаға араласпағанда, бұл дөрекі жанжалдың арты қаншама қайғылы жағдайға апаратынын ойлаудың өзі қорқынышты»,- деп өз сөзін тұжырымдады Қуаныш Әбдірахманов.