Демеудің жүлдесі ғана көңілімізге демеу болды – Дәулет Тұрлыханов
ПАРИЖ. KAZINFORM — Бүгін Франция астасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарын қазақ спортшыларынан ең соңғы болып, еркін күрестен 97 келі салмақта Әлішер Ерғали түйіндеді.
Ол жұбаныш белдесуінде ирандық Әли Әмір Азарпирамен белдесіп, қарсыласынан 6:1 есебімен ұтылып қалды. Осы белдесуден кейін, қазақтың даңқты балуаны Дәулет Тұрлыхановпен арнайы жолығып, шағын сұхбат алдық. Ол Kazinform тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында балуандардың Олимпиададағы көрсеткішіне көңілі толмағанын жеткізді.
- Дәулет мырза, міне, бүгін Париж Олимпиадасы өз мәресіне жетіп жатыр. Әлішер Ерғалидің соңғы күресін өз көзіңізбен көрдіңіз. Балуандарымыздың нәтижесіне көңіліңіз толды ма?
- Міне, қазақ спортшылары үшін кезекті Париж Олимпиадасы өз мәресіне жетті. Күрес түрлерінен Парижге сегіз балуан келген болатын. Өкінішке қарай, оның біреуі ғана үмітті ақтады. Нақтырақ айтсам, грек-рим күресінен Демеу Жадыраев бауырымыз күміс медаль жеңіп алған болатын. Қазір сол Демеудің бір ғана жүлдесі көңілге демеу болып тұр. Бірақ, бұл жалқы күміс қазақ балуандарының жоғарғы жетістігі деп айта алмаймын. Десе де, Токио Олимпиадасымен салыстырғанда біршама жоғары жетістік.
- Жаңа ғана көз алдыңызда Әлішер Ерғали сынға түсті. Бұл оған соңғы мүмкіндік еді. Алайда, ол сол мүмкіндікті пайдалана алмады. Не жетпеді деп ойлайсыз?
- Иә, бұл Әлішер інімізге қолаға қол жеткізуге берілген өте үлкен мүмкіндік еді. Ширек финалда өздеріңіз көрдіңіздер, ұтылып қалды. Бағына қарай, қарсыласы финалға шығып, оған жақсы мүмкіндік сыйлады. Ол оны дұрыс пайдасына жарата алмады. Не бел, не белбеу кетеді деп күресуі керек еді. Оған мінез жетіспеді деп ойлаймын.
- Өзіңіздің ішкі есебіңіз бойынша қазақ балуандары қанша медаль алады деп жоспарладыңыз?
- Шынын айту керек, өз басым қазақ балуандары кемі 2-3 медаль алады деп ойладым. Бірақ, күрестің аты – күрес, Олимпиада ойындарына ең мықты деген балуандар ғана келеді. Сондықтан, тек мықтылар ғана жеңіп шығады. Біздің балуандарда жеңіске деген құлшыныс оты жанбады.
- Қай балуандардың күресіне көңіліңіз толмады?
- Жасыратыны жоқ, Демеу бауырымызда ғана көзінде от ойнап тұрды. Жеңіске деген құлшынысы да басқа балуандармен салыстырғанда өзгеше болды. Барын салды. Аянып қалмады. Финалдың өзінде күмісте тұрғанын біле тұрып, алтын медаль үшін шын пейілімен, жүрегімен, жан-тәнімен арпалысты. Ол нағыз спортшыға, балуанға тән мінез көрсетті. Өзге балуандарымыздың күресіне көңілім толған жоқ. Демеу алтын алса екен деп армандадым, бірақ, өкінішке қарай күміс бұйырды.Олимпиада ойындарында күмістің өзі кез келген спортшыға бұйыра бермейді.
- Ал басқа балуандардың жеңіліс табуына кімдер кінәлі деп айтар едіңіз?
- Бұл жерде негізінен балуандардың өздері кінәлі. Сондай-ақ, бапкерлерден де олқылықтар кетті деп есептеймін.
- Енді, осы олқылықтармен жұмыс істеу үшін не істеу керек деп есептейсіз?
- Ең бірінші спортшылардың дайындық жүйесіне үлкен өзгерістер жасау керек деп ойлаймын. Барлық жағынан өзгерістер керек. Мемлекет тарапынан, министрлік тарапынан, федерация тарапынан, Ұлттық олимпиадалық комитеті тарапынан тиісті шаралар қабылдануы керек. Олимпиада ойындарына дейін балуандарымыз оқу-жаттығу жиындарын өте жоғары деңгейде өткізді. Мемлекет тарапынан барлық тиісті қаражат уақытылы бөлінді. Бірақ, кейбір балуандарымыз Парижде жақсы өнер көрсете алған жоқ. Енді, мүмкін, балуандарымыздың психологиялық жағын, мүмкін жас шамасы жағын қарастыруымыз керек шығар. Қазіргі балуандарымыздың жас шамасы да біразға келіп қалған. Жалпы, күрес түрлерінен келесі Олимпиадаға іріктеуді мүлде өзгеше қабылдау керек.
- Биыл, алғаш рет әйелдер күресінен балуандарымыз Олимпиададан тыс қалды. Бұл туралы не айтасыз?
- Иә, биыл балуан қыздарымыздың Олимпиадаға жолы болмады. Іріктеу сындарында лицензияға қол жеткізе алмады. Енді, бұл туралы әңгімелердің барлығы Олимпиада ойындарынан кейін бір шешімін табады деп есептеймін.
- Әңгімеңізге рақмет!