Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы құрылады — Жолдау

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды екенін баса айтты. 

— Алайда осы салада мәліметтерді тиісті деңгейде есепке алып, талдау жасау жолға қойылмаған. Бұл жағдай еңбек нарығының сұранысын болжау, инфрақұрылымды дамыту жұмысын жоспарлау және басқа да міндеттерді орындау жолында қиындық туғызады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілген Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру керек, - деді Президент. 

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, демография және еңбек нарығындағы үрдістер зейнетақы жүйесіне қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет.

— Азаматтардың, әсіресе, өз-өзін жұмыспен қамтып отырған адамдардың зейнетақы жинағы аз екені байқалады. Үкімет Ұлттық банкпен, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесе отырып зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, зейнетақы төлемдерінің ұзақ уақыт бойы теңгерімді және лайықты деңгейде болуын қамтамасыз ету шараларын ойластыруы керек. Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де өзекті. Осы ретте «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керек. Былтырдың өзінде осы жоба аясында 845 мың адам сауатын жетілдіріп, заңгерлік кеңес алды. Түпкі мақсат — халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету, — деп нақтылады Президент.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарына құрметті арттыру негізгі міндеттің бірі екенін тілге тиек етті