Яғни, жыл басынан бері жалпы елімізде халық саны 124,1 мың адамға өскен. Әрине, бұл жаман көрсеткіш емес. Десек те, халық саны ойдағыдай өскенімен, елімізде демографиялық қауіпсіздік мәселесі көңіл көншітпейді. Мәселен, дамыған мемлекеттердің көпшілігінде елінің демографиялық ахуалын қорғап, қолдайтын арнайы заңдары бар. Ал, бізде бұл мәселе арнайы заңмен реттелмеген. Статистикалық деректерге жүгінсек, соңғы жиырма жылдың үстінде Қазақстанда халық саны бірде күрт төмендеп, енді бірде айтарлықтай өскен аңғаруға болады. Алайда, күні бүгінге дейін егеменді ел тұрғындарының демографиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей азулы заң қабылдай алмай отырғанымыз қалай? Рас, бұл мәселені жиі-жиі болмаса да анда-санда ел өсіміне жаны ашитын азаматтардың аузынан естіп жүрміз.
Таяуда ғана Мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының тұрғындарымен кездесу барысында келешекте «Демографиялық қауіпсіздік туралы» Заң қабылдау қажетігін айтып қалды. Халық қалаулысы өз сөзінде қарағанда мұндай заң қабылданса, дүниеге келген сәбилердің бір реттік жәрдемақсы мен өзге де әлеуметтік төлемдер өсуі мүмкін көрінеді. Тіпті, бұл жағымды жаңалықтың жай-жапсарын алдағы күзде еститін көрінеміз. Қалай десек те, демографиялық қауіпсіздік мәселесі заңмен реттелуі тиіс. Өйткені, кейінгі жылдары халық саны көңілдегідей өскенімен, осы қалыпты сақтап қалуда айтарлықтай қауіп барын аңғаруға болады. Мысалы, елімізде халықтың табиғи өсімі төмендеп барады. Бұл мамандардың есебінше демографияға төндіретін ең үлкен қауіп. Екіншіден, «Қазақ қартайып барады» деп дабыл қаққанымызға да біраз жылдың жүзі болыпты. Яғни, табиғи өсімнің төмендеуі тиісінше халықтың қартаюына себеп болуда. Үшіншіден, ішкі және сыртқа көш-қон ағынында тепе-теңдік сақталуы тиіс. Төртіншіден, отбасылық құндылықтар жойылып, ажырасу, кәрі қызбен сүр бойдақтардың мәселесі де шешімін таппай келеді. Жалпы елдің демографиялық қауіпсіздігі жайлы сөз бола қалса, әлем ғалымдары жоғарыда аталған төрт мәселені үнемі ескеру керектігін айтады.
Соңғы жиырма жылдағы халық санына қатысты мәліметтерге көз жүгіртсек, ел тәуелсіздігінің алғашқы онжылдығында халықтың табиғи өсімінің күрт төмендегенін көруге болады. Ал, кейінгі он жылдың бедерінде халық саны ойдағыдай өскен. Мысалы, 2009 жылғы Ұлттық халық санағында 16 миллион 10 мың адам есепке ілінген. Одан берігі бес жылда 1 миллион адамға тағы өсіп отырмыз. Әрине, жаман жетістік емес. Алайда, халықтың бұлай көңілдегідей өсуіне табиғи өсімнен гөрі, шетелдегі қандастарымыздың ата жұртына оралуы есебін екенін естен шығармаған жөн.
Елбасы Н.Назарбаев кезекті бір Жолдауында 2020 жылы халық саны 20 миллионға жетуі тиіс дегенді айтқан еді. Өкінішке қарай, соңғы кездері демограф сарапшылар мен статистика мамандардың сәуегейлігі жақсы емес. Тіпті, ҚР Статистика агенттігінің өзі де 2020 жылға дейінгі қазақстандықтардың өсімі жөніндегі орташа болжамы 20 миллиондық межеге маңайламайды. Нақтырақ айтқанда, тиісті орындардың ресми болжамы бойынша 2020 жылы қазақстандықтар шамамен 18 миллион 622 мыңды құрайтын көрінеді. Қалай есептесек те, уақтысында айтылған болжамдардың бүгінде дәл орындалып жатқанына таң қалмасқа амал жоқ. Мысалы, кезінде мамандар 2015 жылы қазақстандықтардың саны 17 миллион 530 мың болады деген есебінің де тура шығатын түрі бар.
Әлеуметтанушы Әлия Бархатқызы, «Қазақстан халқының саны 17 миллионнан енді ғана асты. Алда Елбасы Н. Назарбаев бекіткен 20 миллондық меже бар. Егер 2020 жылы 20 миллион қазақстандық болсын десек, демографиялық қауіпсіздік мәселесін кешеуілдетпеуіміз керек. Қазіргі уақытта 1980 жылдың екінші жартысында дүниеге келгендер бала сүйетін жасқа келіп, ел демографиясына айтарлықтай үлес қосуда. Алайда, бір-екі жылда бұл көрсеткіш күрт төмендеуі мүмкін. Яғни, 2015 жылдан ары қарай, 1990 жылдан кейін өмірге келген жастар отбасын құрып, бала сүйіп, халық санын көбейтуге өз үлестерін қоса бастайды. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, бұл жылдарда өмірге келген балалардың саны тым аз. Сол бір тоқырау жылдары көптеген әйелдер бала тууды тоқтатқан-ды. Демек, алдағы жылдарда демографиялық ахуалымыз мақтанарлықтай болмайды. Сондықтан, демографиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заң қабылдайтын кез келді. Бұл заң жастарды мейлінше көп балалы болуға ынталандыруы, жалпы саулығы мен әлеуметтік әлеуетін арттыруды көздеуі тиіс. Әсіресе, көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін шешудің оңтайлы жолдары қарастырылса деймін. Өйткені, бүгінгі күндері бала санын шектеу кең етек алып барады. Негізі, бала туу көрсеткіші ауыл жақта оң көрсеткішке ие. Сондықтан, жастарымыздың жаппай қалаға қарай ағылуына жол бермеуіміз керек. Осының бәрі жаңа заңда көрініс тапса деймін. Заң болмаса да, демографиялық саясатымызбен айналысатын ұлттық бағдарлама болуы қажет сияқты» - деген ойын айтады. Маман пікіріне құлақ асуға болатындай.