Демократия игіліктерін игеруде Қазақстан өз жолымен ізденуге құқылы - Қ. Сұлтанов

АНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Демократия игіліктерін игеруде Қазақстан өз жолымен ізденуге құқылы. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің республикалық референдум тағайындауы туралы» Парламент депутаттарының ұсынысын талқылау барысында сенатор Қуаныш Сұлтанов осылай мәлім етті.

«Жаңа дәуірдегі мемлекетіміздің барлық жетістіктері Тұңғыш Президентіміздің қайраткерлік еңбегімен байланысты. Осы уақыт аралығында «Қазақстан - Назарбаев» деген егіз ұғым қалыптасты. Елбасы ең қиын кезеңдерден және тұйыққа тірелген тығырықтан елін шығара біліп, Қазақстанды тарихтың төріне көтерді. Елбасының іс-әрекеті тапқырлығы, көрегендігі, озықтығы ел мүддесіне қызмет етуде. Алдымыздағы гүлденген өркендеген, дүниежүзілік бәсекеге лайық Қазақстанда өмір сүру мақсатына бет алған ол сапарды да өзінің 2020 жылға дейінгі бағлдарламасын жариялады. Оның жемісті, нәтижелі болуы халықтың қамы, қоғамның сұранысы. Біз бәріміз де сол биік мақсаттарға өз аяғымызбен жетіп, өз көзімізбен көруге мүдделіміз», - деді сенатор.

Оның айтуынша, сайлау да, референдум да ең алдымен елдің амандығына, тәуелсіздіктің беріктігіне, тұрмыстың жақсаруына қызмет етуі тиіс. «Сайлау мен референдум - екеуі де демократиялық тәсілдер. Екеуінің де мәртебесі біздің Ата заңымызда, басқа да заңдарымызда анық көрсетілген. Яғни, біз екеуін де тең пайдалануға құқылымыз. Олар бір-бірінен алшақ та, бір-біріне қайшы да емес. Демократиялық институттарды да референдум арқылы толық дамытуға болады. Демократия игіліктерін игеруде Қазақстан өз жолымен ізденуге құқылы. Ең бастысы халықтың басым көпшілігінің тілегін орындауға ұмтылу қажет», - деді Қ. Сұлтанов.