Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысында Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия дайындаған, Парламенттік тыңдауда таныстырылған жаңа алфавиттің Бірыңғай стандарттар жобасы талқыланды.
Үндеуде Қазақстанның барлық азаматтарын Елбасының қазақ тілін латын қарпіне көшіру жөніндегі бастамасын талқылауға белсенді қатысуға және қолдауға шақырған.
«Қазіргі уақытта мемлекеттер мен ұлттарға аса қатал талап қойылып отыр. Өз дәстүрі мен құндылықтарын, мәдениеті мен тілін жоғалтпай тұрақты жаңаруға, жаңғыруға, бәсекелік артықшылықтарын күшейтуге бағытталғандардың ғана дербес болашағы бар.
Латын әліпбиі әлемде ең кең таралған. Латын графикасы қазіргі заманғы технологиялық ортаның, бағдарламалаудың және инфокоммуникациялық технологиялардың барлық тілдерінің символдық негізі болып табылады», - делінген үндеуде.
Сондай-ақ, онда қазіргі замандағы әлемде инновациялардың, ғылыми жаңалықтар мен білім беру әдебиетінің басым көпшілігі ағылшын тілінде жарияланатыны айтылған. Ағылшын әліпбиінің негізінде латын қарпіне көшу қазақ тілінің жаңа эволюциялық кезеңі деп атап көрсетілген.
«Латынға көшу арқылы біз ұлтымыздың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыратын үш мәселені шешеміз. Біріншіден, ағылшын алфавитінің негізіндегі жаңа қаріп жүйесі жастарымыздың да жасамыстарымыздың да ағылшын тілін меңгеруін жеңілдетеді әрі жеделдетеді. Екіншіден, ағылшын алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің осы тілде жасалған мол қазынасын еркін игеруге жол ашады. Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады. Латын қарпіне көше отырып, қазіргі заманғы қазақ тілі бәсекеге қабілеттірек болады, өз дамуы мен танымалдылығында жаңа импульс алады», - делінген үндеуде.
Мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиі қазақстандықтардың нығаюы мен бірлігінің мықты құралы ретінде қызмет етуі тиістігі аталып өтілген.
«Латын қарпіне көшу - біздің еліміз үшін қағидалы мәселе және Қазақстанның әрбір азаматының қатысуын талап етеді.
Біз Қазақстан Тәуелсіздік жылдары өткен бірегей тарихи жолы, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім, халықтың рухани күші, оның уақыт талаптарын қабылдап, тек алға жүру қабілеті біздің мемлекетіміздің жетістігінің айқындаушы факторы болған және болашақта болатынына нық сенеміз», -делінген үндеуде.
Айта кетерлігі, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен құрылды. Ол 5 саяси партияның, 17 ірі қоғамдық бірлестіктің және 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіреді.