Демократтар ұшақты сыйлық ретінде қабылдаған Трампты сынға алды

Фото: Фото: Lawrence Jackson

АСТАНА. KAZINFORM — Қатардан ұшақты сыйға алғаны туралы хабарлар Демократиялық заң шығарушылар тарапынан сынға ұшырады, деп хабарлайды The Hill. 

Олар мұны Дональд Трамптың президенттік билікті жеке баюы үшін пайдалануының тағы бір мысалы деп атады.

Бірнеше БАҚ-тың хабарлауынша, Трамп Қатар үкіметінен Air Force One-ді (президентті тасымалдайтын АҚШ ӘӘК ұшағы) алмастыратын Boeing 747 ұшағын алады және ол Трамптың өкілеттігі аяқталғаннан кейін болашақ президенттік кітапханада сақталады.

Өкілдер палатасы бақылау комитетінің мүшесі Джейми Раскин (Мэриленд демократы) аталған келісімді «алаяқтық» деп атады.

— Трамп Қатардан 300 млн долларлық сыйлықты қабылдау үшін Конгресс рұқсатын алуы керек. Конституция өте анық: Конгрестің рұқсатынсыз шет елден «кез келген түрдегі» сыйлық алынбайды. Төрт жыл бойы қолданып, содан кейін кітапханаңызға орналастырылған сыйлық әлі де сыйлық (және алаяқтық) болып қалады — деп жазды Джейми Раскин X-тегі жазбасында. 

Сенатор Крис Мерфи (Коннектикут демократы) ұшақты беру мәселесі «қарастырылып» жатса да, бұл Трамп тұсында Американың одақтасы болу үшін елдердің не істеу керектігін меңзеп отыр деп жазды.

Өз кезегінде Трамп демократтарды сынады.

— Қорғаныс министрлігі 40 жылғы Air Force One-ді уақытша алмастыратын 747 ұшақты жария және ашық мәміледе тегін, сыйлыққа алу фактісі опасыз демократтарды алаңдатқаны сонша, олар бізден ұшақ үшін үлкен ақша төлеуді талап етеді. Мұны кез келген адам жасай алады! Демократтар — әлемдік деңгейдегі бейбақтар!!! — деп жазды Дональд Трамп Truth Social-да. 

Бұған дейін Трамп жаңа сауда келісімі жасалғанын мәлімдеді.