Дене шынықтыру мұғалімі үйіне түскен ұрыны қарусыздандырып, полицияға тапсырды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Атбасар қаласының тұрғыны үйіне қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні залалсыздандырып, полицияға тапсырды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қанат пен Махаббат Кəрімбаевтардың айтуынша, ағымдағы жылдың 1 наурызында сағат 20:30-дар шамасында отбасы кешкі ас ішпек болған. Сол кезде, олардың қызы далада бейтаныс ер адамның жүргенін байқап қалып, анасына айтады. Ашылған есіктің дыбысына далаға шықпақ болған əйелге қолына асханалық пышақ ұстаған, бетін тұмшалаған ер адам тап береді. Осылайша, əйелді қолынан ұстап үйге кірмек болған күдіктінің əрекеті жүзеге аспай қалады. Қолайлы сəтті пайдаланған əйел бірден қашып, күйеуін көмекке шақырады.

Атбасардағы мектептердің бірінде дене шынықтыру пəнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Қанат күдіктіге тұра ұмтылады. Ұмтылып қана қоймай, оны  қарусыздандырып, полицияға тапсырды",  - деп көрсетілген таратылған хабарламада.

Қазіргі кезде күдіктіден түсініктеме алынып, ҚР ҚК-нің 192-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, күдікті қылмыс жасау барысында есірткіге мас күйде болғаны белгілі болды.