Денис Евсеев Барселона турнирінің іріктеу сатысын сәтті бастады

Фото: Фото: ktf.kz

  АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 186-ракеткасы Денис Евсеев Барселона (Испания) ATP 500 турнирінің іріктеу сатысын сәтті бастады.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 154-ракеткасы, Ливан өкілі Бенджамин Хассанмен өткізді.

Бірінші партияда Евсеев 6:2 есебімен басым түссе, екіншісінде Хассан есе қайырды – 6:3.

Үшінші, шешуші сетте Денис ширақтық танытты – 6:3. Сағат жарымға созылған матчта ол 4 эйспен бірге 4 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Бенджамин 3 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Денис Евсеев іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 123-ракеткасы, аргентиналық Диего Шварцманмен шеберлік таластырады. Оны ұтса, негізгі жарысқа жолдама алады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 143-ракеткасы Михаил Кукушкин Мадрид челленджер додасының финалына шыға алмады. Кешегі бәсекенің төрт сағатқа созылуының әсері ме, ол бауырын жаза алмады. Жартылай финалда бірінші партияда рейтингіде 158-орындағы италиялық Стефано Наполитано айқын басымдылық көрсетті – 6:2. Екінші сетте де ол 4:1 есебімен алға кеткеннен кейін Кукушкин ойынды жалғастырудан бас тартты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Токиода Данилина мен Құламбаеваның әлемдегі мықты жұптардың бірін ұтқанын жазған болатынбыз.