Денис Евсеев Бельгиядағы турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 184-ракеткасы Денис Евсеев Оттиньи-Лувен-ла-Нёв (Бельгия) челленджер турниріне жолдама алды.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингіде 277-орында тұрған түркиялық Джем Илькельмен шеберлік байқасты.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде Д.Евсеев 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ол 4 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Д.Илькель 2 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Осылайша, негізгі жарысқа жолдама алған Денис Евсеевтің келесі қарсыласы кейін анықталады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 262-ракеткасы Михаил Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты кездесуде рейтингіде 273-сатыдағы Польша өкілі Макс Касниковскиге жол берді – 6:2, 5:7, 3:6. Сөйтіп Кукушкин негізгі кезеңге өте алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Асылжан Арыстанбекованың жасөспірімдер арасында ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.