АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 275-ракеткасы Денис Евсеев Хайльбронн (Германия) челленджер турнирінің екінші айналымына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің – 99, осы жарыстың 2-ракеткасы, испаниялық Пабло Карреньо-Бустамен сәтті өткізді.
Денис Евсеев екі сетте де 7:5 есебімен басым түсті.
Бір сағат 50 минутқа созылған бәсеке барысында Евсеев 6 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Карреньо-Буста 1 эйс, 2 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады.
Денис Евсеев ширек финалға шығу үшін рейтингіде 192-орындағы Перу өкілі, 21 жастағы Игнасио Бусемен таласады.
И.Бусе алғашқы айналымда тағы бір қазақстандық, әлемнің 233-ракеткасы Тимофей Скатовты қапы қалдырды – 6:1, 7:6 (7:4). Бұл кездесу 1 сағат 51 минутқа созылды. Оның барысында Скатов 2 эйс, 2 брейкке (5 брейк-пойнт) қол жеткізді. Бусе 4 эйс, 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде Бубликтің әлемнің 5-ракеткасын еліне қайтарғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).