АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші, әлемнің 246-ракеткасы Денис Евсеев Гонконг ATP 250 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші жаңа маусымдағы алғашқы кездесуінде әлемнің 152-інші, осы іріктеу сайыстарының 7-ракеткасы, Чили өкілі Кристиан Гаринді жолдан тайдырды.
Бірінші партияда Денис 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде Гарин қарымта қайырды - 6:2.
Шешуші, үшінші сетті Евсеев жеңіспен түйіндеді - 6:2.
Бір сағат 47 минутқа созылған тартысты матчта Евсеев 5 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жібермеді. Гарин 2 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, Денис Евсеев іріктеу сайыстарының финалына жолдама алды. Келесі қарсыласын жеңсе, негізгі додаға қосылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Брисбенде негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).