АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші, әлемнің 212-ракеткасы Денис Евсеев Монтемар (Испания) челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 703-орында тұрған болгариялық, 19 жастағы Илиян Радуловпен кездесті.
Денис Евсеев қарсыласын 6:0, 6:2 есебімен айқын басымдылықпен ұтты.
Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Евсеев эйс жасамағанымен, 8 брейк-пойнттың алтауын мүлт жібермеді. Радулов 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Денис Евсеев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 84-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, Италия өкілі Фабио Фоньинимен таласады. Ол рейтингіде 514-сатыдағы ресейлік Святослав Гулинді қапы қалдырды - 6:3, 6:2.
Д.Евсеев украиналық Эрик Ваншельбойммен бірге жұптық сында да ширек финалға жолдама алды. Олар бастапқы кездесуінде болгариялық Адриан Андреев - молдовалық Егор Матвиевичті жолдан тайдырды - 6:3, 6:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Испаниядағы турнирде камбэкпен жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).