Қазақстандық, әлемнің 226-ракеткасы Денис Евсеев Валенсия (Испания) челленджер турнирінің іріктеу сайыстарын сәтті өткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Іріктеу сайыстарының 1-ракеткасы болып тіркелген Д.Евсеев алдымен испаниялық Хавьер Барранконы 6:3, 7:6 (7:5) есебімен ұтты.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 287-ракеткасы, италиялық Сальваторе Карузоны 6:2, 6:4 есебімен жолдан тайдырды. Сағат жарымнан артық уақытқа созылған бәсеке барысында Д.Евсеев 2 эйспен бірге 15 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Осылайша, негізгі турнирге жолдама алған Денис Евсеевтің келесі қарсыласы кейін анықталады.
Жүлде қоры 118 мың еуроға бағаланған Валенсия додасы 26 қарашада мәресіне жетеді. Турнир жеңімпазы 16 020 еуро табыс тауып, 100 рейтингілік ұпайға ие болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың әлемдік рейтингте жеке рекордын жаңартқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).